"Баға алмасаңдар сатып жіберсеңдерші": Картон жеп жатқан түйелердің видеосы желідегілердің ашуына тиді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде картон жеп жақтан түйелердің видеосы пайда болды. Кадр сыртындағы дауыс картон жануарлардың күнделікті азығына айналғанын айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Видео Instagram желісіндегі zhanaozen_online парақшасында жарияланған.
"Ассалаумағалейкүм, жамағат! Міне, Маңғыстаудың жылқылары ғана емес, түйелерімізге дейін осылай картон жейді. Осы түйелер картонмен күн көріп жүр. Айдап жібереміз, қайтып келеді", - дейді видеодағы жігіт.
Видеоны көрген желі қолданушылары автордың өзін сынға алып, оған малды баға алмаса, сатып жіберуге кеңес берген.
"Баға алмасаңдар сатып жіберсеңдерші. Саған біреу шөп апарып бермейді ғой", "Сол түйе, жылқылардың етін сатып, ақша тапқанда жақсысыңдар. Ақшаның жартысына малға шөп әперіп, дұрыстап бақсаңдар болады ғой", "Картонның бағасы қымбаттайтын болды", "Обалына қалмаңдар", "Сүтін ішіп, ет жеп, шұбатын сатып ақша қыласыңдар. Шөбін алуға жарамайсыңдар", - деп жазуда көпшілік.
Zakon.kz порталының жазуынша, видеоға қатысты пікір білдірген Маңғыстау облысының әкімдігі әрбір тұрғынның іс-әрекетіне пікір білдіре алмайтынын айтқан.
"Иә, бізде биыл қуаңшылық мәселесі болып отыр. Бірақ дәл қазіргі сәтте өңірге жем-шөп жеткізіліп жатыр. Ақтөбе облысының кәсіпкерлері өңірге мал азығын жеткізіп жатыр", - деп хабарлаған әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында азық іздеп, қоқыс жағалаған аш жылқылардың суреті тараған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917802-baga-almasandar-satyp-zibersendersi-mangystauda-karton-zep-turgan-tuielerdin-videosy-qyzu-talqyga-tusti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.