RU

Алексей Цой QazVac салдырғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: primeminister.kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой QazVac вакцинасын салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы туралы айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрі орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз қозғады.

Алексей Цойдың сөзінше, QazVac вакцинасы – бұл Қазақстан үшін үлкен прогресс.

"Жеке өзім осы вакцинаны алдым және өзімді өте жақсы сезінемін. Азаматтарымызға да вакцинация алуға кеңес беремін", - деді ол.

Айта кетейік, сәуір және мамыр айларында еліміздің барлық өңірлеріне QazVac вакцинасының жалпы 100 мың дозасы жетізілген болатын. Бүгінде QazVac вакцинасының бірінші дозасымен шамамен 41 мың адам, екінші дозасымен 22 мың адам екпе алды.

Еске сала кетсек, елімізде COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК коронавирусқа қатысты соңғы деректерді жариялады. Оған сәйкес, өткен тәулікте елімізде індет жұқтырған 1 068 адам тіркелген.

Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 404 064 жетіп отыр.

Сонымен қатар, өткен тәулікте індеттен 1267 адам жазылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстан халқына үндеу жасап, әлем елдерін індеттің қайта таралуы алаңдатып отырғанын айтқан еді.

Оның сөзінше, әсіресе Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қалыптасқан жағдай алаңдатып отыр.

Ресей мен Қырғызстанда аурудың таралу көрсеткіші өткен жылдан да жоғары. Осы орайда Ерлан Қиясов шетелде демалуға ниетті азаматтарды өзінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917975-aleksei-coi-qazvac-saldyrgannan-keiingi-zagdaiy-turaly-aitty/