RU

"Адамды қорлау": Жамбыл облысында 30-дан аса жүк көлігі діттеген жеріне жете алмай тұр

Кадр
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Жамбыл облысында 30-дан аса жүк көлігі діттеген жеріне жете алмай жарым жолда қаңтарылып тұр. Олар Қырғызстаннан Ресейге халық тұтынатын таураларды жеткізуі тиіс деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Басылым дерегінше, шекарадан өткен көліктерді Меркі ауданындағы кірістер басқармасының мамандары тоқтатып 15 күннен бері тексеріп жатыр.

Көлік иелері бұның заңсыз екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта Меркідегі автотұрақта 32-жүк көлігі қаңтарылып тұр.

Олар Қырғызстаннан тиелген тауарларды Ресейге жеткізуі тиіс. Алайда 15 күнен бері жолға шыға алмай отырмыз, дейді жүргізушілер. Олар шекарадан өткізген көліктерді кірістер басқармасы неліктен ұзақ уақыт тексеріп жатқанын түсінбейтінін жасырған жоқ.

"Тексеріс болады деп бізді осында алып келді. Бірақ өздері әлі жоқ. Сосын амалсыз прокуратураға шағым түсірдік. Бірақ онда да нәтиже болмай жатыр. Біздің құжатымыз заңды. Бәрі дұрыс", - деді көлік жүргізушісі Владимир Чугуев.

Қырғызстандық жүргізушілер тауар тиелген машиналардың маңында жүруге мәжбүр екендерін атап өтті. Тонап кете ме деп қорқатындарын жеткізі.

Бүгінде барлығы көлікте түнеп жүр. Тамақты да далада ішеміз, дейді олар. Жүргізушілер жарты айдан бері әбден қиналғандарын мойындады. Оның үстіне автотұрақтағы әр жүк көлігіне күніне 4 мың теңге төлейді екен. Сондықтан белшемізден шығынға баттық деп жыларман күйде.

Кадр
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

"Тамақтың өзіне 20-30 мың теңге жұмсадық. Автотұраққа әр көлікке ақша төлеп жатырмыз. Бұл жерде тек біз емес, тапсырыс беруші де шығынға ұшырап жатыр. Біз транзитпен кетіп бара жатырмыз. Кеден одағының не үшін құрылғанын түсінбедік. Бұл адамды қорлау ғой", - деді көлік жүргізушісі Виктор Рыжов.

Тасымалдаушылар кірістер басқармасының әрекеті орынсыз деген пікірде. Өйткені сұраған құжаттың барлығын көрсеткендерін алға тартып отыр.

Ал кірістер басқармасының өкілдері өздерінікінің дұрыс екенін мәлімдеді. Себебі, тауар мен құжаттың сәйкестігін қадағалау міндетіміз, дейді олар.

Жамбыл облысы
Видеодан кадр: КТК

Ведомство дерегінше, тексеріс 15 күн емес, бір айға да созылуы мүмкін екен.

"Жалған құжат бойынша ол жерде деректер бар. Сол деректермен тексеріс жүргіземіз. Егер анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. 7 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін", - деді Меркі ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Елдос Байымбетов.

Кірістер басқармасының басшысы тексерістің ұзаққа созылуын маман тапшылығымен түсіндіріп отыр.

Мұнда бар болғаны үш қызметкер екен. Күніне біреуі ғана жұмысқа шығады. Олар автотұрақтың ақылы екенін білмегендерін мойындады. Алдағы уақытта оны тегін қылуға уәде берді. Ал жіпсіз байланған жүргізушілер бақылаушылар рұқсатын бергенше, осында күтіп тұра береді.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918316-adamdy-qorlau-zambyl-oblysynda-30-dan-asa-zuk-koligi-dittegen-zerine-zete-almai-qantarylyp-tur/