RU

"Карантинде көңілдес тапты": Күйеуі өзінен он жас үлкен әйелге кеткен келіншек мұңын шақты

Фото
Фото: pixabay.com

30 жастағы шымкенттік келіншек жан жарының көзіне шөп салып, балалы әйелге кеткенін айтты. Елордада шаштараз болып қызмет ететін ол абырой болғанда үш баласын өзі өсіріп, жеткізетін қауқарым бар дейді. Өкініштісі, келіншектің бұрынғы күйеуі өзінен он жас үлкен, балалы әйелге кетіп қалған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкенттік Айнұр есімді келіншек (ред. аты-жөні өзгертілді) елордаға 2014 жылы отбасымен көшіп келген. Пәтер жағалап күн кешкен жас отбасы, бастапқыда тұрақты жұмыстары болмағанын айтады.

Десе де жолдасы құрылыс саласын игеріп, кейін қол астына өзі сияқты құрылысшыларды жинап, үйге жөндеу жұмыстарын жасаумен айналыса бастаған. Сөйтіп бастапқы жылдары 100 мың айлықты нәпақа еткен отбасы, кейін айына жарты миллионға дейін табыс табатын күйге жеткен екен.

"Қолымызда дипломымыз болмағандықтан, осылай анда-мында жұмыс істеп, күн көрдік. Мен бірінші жылдары балаларым кішкентай болғандықтан, үйде отырдым. Кейін дүкенде сатушы, асханада аспаз болып жұмыс істедім. Бірақ шаш қию, сәндеуді үйреніп алып, салонға жұмысқа шықтым.

Қазіргі табысым құдайға шүкір жақсы, үш баламды асырап, пәтер жалдауға жетеді. Күйеуім соңғы үш-жылда табысы артып, айына төрт жүз-бес жүз мың табатын болды. Табысының артқаны не керек, бізді тастап, өзінен он жас үлкен, балалы әйелге кетіп қалды",-деп мұңын шақты келіншек.

Үш баланың анасының айтуынша, айрандай ұйып отырған отбасының ойран болғаны сәті былтыр карантин кезеңімен тұспа-тұс келіпті. Жол апатына түскен енесіне қарайласамын деген келіншек, Шымкентте 9 ай болып, енесін баққан. Алайда келгенінде күйеуінің көңілдесі барын білген.

"Енем былтыр жол апатына түсіп, төсек тартып жатып қалды. Күйеуім сол кезде анама қарайлас деп, үш баламен бірге Шымкентке жіберген болатын. Өзіміз пәтер жалдап тұрсақ та, ата-енеме үнемі көмектесіп тұратынбыз. Әрине ана болған соң сөкпеймін, бірақ жолдасымның тапқан табысының көп бөлігі енеме кететін.

Төсек тартқан адамды білесіз, мазасыз келеді, бәріне шыдадым. Ұлы сөзде ұят жоқ, памперсіне де дейін ауыстырдым. Бірақ жолдасымның менен, балалардан суи бастағанан сездім. Қоңырау шалсақ, телефонды көтермеуді, тіпті жазған хабарламама жауап бермеуді шығарды. Сөйтіп енемнің беті қарап, үйде жүріп-тұруға жараған соң, үш баламды алып, үйіме қайттым. Келгенім не керек, күйеуім бізге бір елі маңымызға жоламай, суық қарсы алды.

Тек телефон алып, соны ақтарған соң ғана өзінен он жас үлкен, балалы келіншекпен кездесіп жүргенін білдім. Сол кездегі күйімді, қалай қатты жылағанымды білсеңіздер ғой? Өзім жетімдікті көріп өскен адаммын, әкем ерте қайтыс болып, анам екінші рет басқа ер адамға тұрмысқа шығып кеткен.

Мен нағашы әпкемнің қолында өстім, бала күнімнен сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықтым. Жолдасыммен мектепте бірге жүріп, оны бітірген соң, екі жылдан кейін үйлендік. Сол кезде кеудемді ащы өкініш, өксік керней берді. Анасын бағып, үш бала тауып берген адамға, маған осылай опасыздық жасап кетті",-деп мұңын шақты үш баланың анасы.

Әйел адам күйеуін кешіргенімен, көңілде сенім болмағандықтан ажырасып кеткендігін айтты.

"Көзге бір рет шөп салғаннан кейін, үнемі сезіктеніп тұрады екенсің. Күйеуім жарты жыл екі әйелдің ортасында жүріп, ақыры бізбен қалатын болды. Алайда менде оған сенім қалмады. Күніне жүз рет хабарласып, видео қоңырау шалатын күйге жеттім.

Ақыры көктемде күйеуім сол әйелге тағы барып жүргенін білдім. Сөйтіп қайта отбасы бола алмайтынымызды түсіндім. Қазір ажырасып кеттік. Одан алимент те, ештеңе сұрамаймын. Балаларыма әке керек, айына бір-екі рет кездесіп, қыдыртып тұрады. Басқа әкелік қызметін көрмедім.

Адам болған соң, тағдырдың басқа салғанына көнеді екенсің, қазір енді бізге айналып, қайтып келмесе екен деймін. Кеудемдегі өкпе, реніш, бүгінде жек көрушілік сезімге айналып кеткен сияқты. Бірақ оған жамандық тілеуден аулақпын, өзінің қалауы сол болса, оның жолында тұра алмаймын. Бақытты болсын",-деп сөзін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918352-karantinde-konildes-tapty-kuieui-ozinen-on-zas-ulken-aielge-ketken-kelinsek-munyn-saqty/