Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында канализация суын ішуге мәжбүр болған жұрт жолды жауып, шу шығарды

Опубликовано:

Жұрт
Кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғындары әкімдік өкілдеріне жанайқайын жеткізу үшін жолды жауып тастады деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Таңертеңнен демалыс аймақтарына баратын жолды жапқан халық билікке жанайқайын жеткізді. Олардың айтуынша, демалыс орындарының басшылары таудан келетін судың арнасын бассейндерге бұрып алып, төмендегі ауылдарға тіршілік нәрін жеткізбей қойыпты. Тіпті, канализациядан шыққан лас суларын ағызып, халықты әбден әбігерге салған. Жергілікті билікке жағдайларын айтып шырылдағанымен, құлақ асатын бір атқамінердің табылмағанына бес жылдың жүзі болған дейді.

"Олардың канализациясы жоқ. Қоқыстарының бәрін шығарады, оны біз ішеміз. Енді сол қоқыс су да жоқ бізде. Бассейн толтырып жатыр, су ішіп жатыр. Ал бізде, халықта су жоқ. Адам шомылады, бізде су жоқ. Байлар бәрін жауып алған, суларды алып алған бөлек-бөлек. Оған мыналардың күштері келмей жатыр. Қолдарынан келмей жатыр", - дейді Екпінді ауылының тұрғыны Клара Ералиева.

"Ол жердегілердің барлығы қоқыс тастайды. Балалар қоқыс суға шомылады, содан ауру болып жатыр. Балаларымыздың барлығы ауырып жылап жатыр. Халқымызға бір ауыз су жоқ. Сонда қалталылар өмір сүреді де, бейшара халық деген қалай өмір сүреді?", - дейді өзге тұрғын Таңсықкүл Сексенбаева.

Төле би ауданына қарасты үш ауылдың қиындықтары мұнымен бітпейді. Елдімекен іргесіндегі жерлердің көбі жекенің қолына сатылып кетіп, салдарынан жайылым жер де қалмаған. Ал, ауыз суға зар болып отырған кезде, суармалы суды сұрауға ұялатын шаққа жеттік дейді.

Бір сағатқа жуық жолды жауып тастаған тұрғындармен кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары су мәселесін бір аптада шешіп беремін деп уәде берді. Ал кәріз жүйесінен ағып жатқан лас суды бірінші рет естіп тұрғанын алға тартты.

"Бұл бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Бірақ бірнеше жылдан бері біз мәселемен күресіп келе жатырмыз. Біз заң аясында барын айтып түсіндіреміз, заң аясында талап етеміз, заң аясында соны істетеміз. Бірақ осындай маусым басталған кезде, өкінішке қарай кейбір демалыс орындарының иелері былайша айтқанда заңсыз орталық ауызсу құбырына қосылып алып, сол жерде бассейндерін толтырып жатыр", - дейді Төле би ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев.

Бастауын таудан алатын "Біркөлік" өзенінің бас жағы күл-қоқысқа толы. Ал, бұл өзен ауылға жеткенге дейін оншақты демалыс аймақтан өтеді. Ағын судың арамы жоқ деген тұрғындар осы суды ішуге мәжбүрміз деп отыр.

Тұрғындар әкімнің орынбасары берген уәде сол күйінде орындалмай қалатын болса, демалыс аймақтарына баратын жолды бетондап жауып тастаймыз деп тарқасты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918775-turkistan-oblysynda-kanalizaciya-suyn-isuge-mazbur-bolgan-zurt-zoldy-zauyp-su-sygardy/

pixel