Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәріне көмектесетін": 9 жасар қызымен бірге жүк көлігінің астына түскен ер адам туралы не белгілі

Опубликовано:

Жол апаты
Видеодан кадр: instagram.com/kaskelenkz

Алматы облысында 28 маусым күні жүк көлігі ер адам мен оның 9 жастағы қызын қағып кеткен еді. Жол апаты кезінде бесікарбада отырған үш жасар бала ғана аман қалған болатын. Қара жамылған отбасын танитындар жанұя туралы айтып берді.

"Бұл адам етікші болып жұмыс істеді. Жұбайы осында шаштараз болатын. Марқұмды күн сайын көретін едім. Жақсы адам болды, ешкімнің қолын қайтармай, бәріне көмектесетін. Ақкөңіл адам еді", - дейді сатушы Нұрәли Әлиев "Еуразия бірінші арнасының" тілшісіне.

Жергілікті тұрғындар аталған учаскеде жол апаты жиі болатынын айтады. Олардың сөзінше, тұрғындар жолға жылдамдық бәсеңдеткіш орнатуды бірнеше мәрте сұраған.

Еске сала кетсек, жантүршігерлік жол апаты Қарасай ауданы Жамбыл ауылында болған еді.

Полицияның мәліметінше, "ЗИЛ 431410" жүк көлігінің 45 жастағы жүргізушісі тас жолмен оңтүстік бағытта келе жатып, 30-шақырымда жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан үш жүргіншіні қағып кеткен.

Салдарынан 53 жастағы ер адам мен 9 жасар бала оқиға орнында қайтыс болған. Үш жасар бала ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер аман қалған бүлдіршіннің денсаулығы туралы мәлімет берді. Ақ халаттылардың сөзінше, оған жабық бас-ми жарақаты, миының шайқалуы, сондай-ақ бас терісі мен бетінің сырылып, көгеруі диагнозы қойылған. Жағдайы орташа ауыр.

Қазіргі уақытта жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920140-barine-komektesetin-9-zasar-qyzymen-birge-zuk-koliginin-astyna-tusken-er-adam-turaly-ne-belgili/

pixel