"Әкемнің жүрегі шыдамады": Қатерлі ісікке шалдыққан төрт балалы ананың тағдыры елді жылатты (фото)
Жарияланған күні:
Алматыда қатерлі ісікке шалдыққан төрт балалы ананың тағдыры көпшілікті алаңдатып қойды. Екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған Ләззат Айдынғалиқызы осыдан тоғыз ай бұрын сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратынын естіген. Бүгінде қауіпті ауру Ләззаттың денесін меңдеп, ісік төртінші сатыға дейін көтеріліп кетті. Өкініштісі сол, әйелінің сырқаттанып қалған соң отағасы қиындықты көтере алмай, отбасын тастап кеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ләззат Айдынғалиқызы біреуден ілгері, біреуден кейін қарапайым тіршілік кешуде. Ол бүгінге дейін компаниялардың бірінде жұмыс істеп, отбасын асырап келген. Үш жыл бұрын жұмыс істеу мақсатымен Атыраудан Алматыға көшіп келеді. Ал сүт безінің қатерлі ісігі диагнозын дәрігерлер шамамен тоғыз ай бұрын қойған.
«Екі рет скринигтен өткенімде ешқандай қауіп көрінген жоқ. Дәрігерлер денсаулығымның дұрыстығын айтып, шығарып салған. Кейін мұндай қауіпті дертке шалдыққанымды естіген әкемнің жүрегі шыдамады. Ол да менің ауруымды көтере алмай, өмірден озды. Әкемді жоқтаймын деп, мен де сырқатты өршітіп алған сияқтымын. Бүгінде төрт рет химиятерапия алдым. Әзірге, әсері жоқ. Алда тағы да ауыр отаға дайындалып жатырмын», - дейді Ләззат.
Қатерлі ісік анықталған соң Ләззат наурыз айынан бері екінші топтағы мүгедектер қатарына енді. Бүгінде Алматыда пәтер жағалап жүрген ол өзінің көзі кетсе, балаларым далада қалады деп уайымға салынған. Өйткені, Ресеймен екі ортада жұмыс істейтін күйеуі оның сырқат екенін естіген соң, отбасын тастап кеткен. Бүгінде жүріп-тұруы қиындаған Ләззат 8 жасар ұлының көмегімен ауруханаға әзер барып келеді. Ал бес жасар кіші ұлы анасының жазылып кетуін армандайды.
«Ұлым Байсал спорттық гимнастикамен айналысады. Дзюдоға да ебі бар. Болашақта Хабибпен кездессем дейді. Осы ұлым ауруханаға апарып келеді. Сабақтан босағанда екі қызым көмектеседі. Кіші ұлым бес жаста. Кейде олардың жегісі келетін тамағын алып бере алмайтыныма қатты қиналамын. Басымызда баспана да жоқ. Азық-түлік таусылды. Вермишельден басқа ештеңе жоқ. Алмалы аудандық әкімдігіне хабарласқанмын. Олар сұйық май мен вермишель ғана әкеліп берді. Басқа амалым қалмады. Мүгедектігім үшін алатын ақша пәтер жалдаудан артылмайды», - дейді Ләззат.
Бүгінде қатерлі ісіктен әбден әлсіреп, күш қуаты қалмаған Ләззат өзінің денсаулығынан бұрын, үйсіз-күйсіз, тіпті, кей күндері тамақсыз, ашқұрсақ жүрген балаларына алаңдайды.
Ләззат Айдынғалиқызына көмектесем деушілер болса, төмендегі реквизиттерді ұсынамыз:
Kaspi Gold: +7 702 697 78 23.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920246-akemnin-zuregi-sydamady-qaterli-isikke-saldyqqan-tort-balaly-ananyn-tagdyry-eldi-zylatty-foto/