RU

"Керуен-сарайдың" төбесі құлады: Түркістан облысының әкімдігі желіде тараған видеоға пікір білдірді

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: facebook.com/saken.kalkamanov

Әлеуметтік желілерде Түркістанда ашылғанына 2 жарым ай болған "Керуен сарай" туристік кешенінің төбесі құлап жатқаны бейнеленген видео тарап жатыр. Бұған қатысты облыс әкімдігі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әлеуметтік желілерде Түркістандағы "Керуен сарай" аркаларының бірінің төбесі құлағаны туралы видео тарап жатыр. Нысан басшылығының айтуынша, келушілердің қауіпсіздігін сақтай отырып, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде", – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің Facebook парақшасында.

Сонымен қатар, Сәкен Қалқаманов әлеуметтік желі қолданушыларынан жалған ақпарат таратпауды сұрады.

Оған қоса, нысан жеке инвестиция есебінен салынғанын еске салып, құрылыс сапасына инвестор жауап беретінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсендісі әрі блогер Шыңғыс Лепсібаев Түркістан қаласында орналасқан "Керуен сарай" Орта Азиядағы көпфункционалды туристік кешенінің суреттерін жариялап, 87 млрд теңгеге салынған нысан қирап жатқанын жазған еді.

Кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл сынға қатысты жауап беріп, нысанды салуда қандай құрылыс материалдары қолданылғанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920279-keruen-saraidyn-tobesi-qulady-turkistan-oblysynyn-akimdigi-zelide-taragan-videoga-pikir-bildirdi/