RU

"Керуен сарай" пенопласттан салынған ба: Шөкеев сынға жауап берді

1
Фото: facebook.com/ChingizKZ

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев "Керуен сарай" нысанын салуда қандай құрылыс материалдары қолданылғанын айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ол жерде күн сайын жүрдім. Ол темір-бетоннан, арматурадан салынған. Бұл жерде барлығы да өңірде сейсмикалық қауіп төмен болғандығына қарамастан үлкен сақтықпен жоспарланған. Әрине, әртүрлі ішкі материалдар, қабырға материалдары қолданылған. Келушілердің бірі сол материалды байқап қалып, бүкіл "Керуен сарай" сонымен салынған деп ойлапты. Бұл қарапайым материал. Егер ол құрылыстан хабары болса мұндай жазбайтын еді. Жалпы, Sembol әлемдік компания саналады. Ол өзінің абыройын қатты бағалайды. Олар мұндай жайт үшін абыройларына келген нұқсанға байланысты жауапқа да тартуы мүмкін", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңір басшысы пенопласт арзан құрылыс материалы болғандықтан барлық жерде қолданылатындығын баса айтты.

"Ол өте арзан әрі тиімді. Жалпы, қазіргі әлемде барлығы платмассадан жасалады. Мына үстел, қаламсап, микрофон пластмассадан жасалған. Сондықтан меніңше, жоқ жерден түсініксіз хайп жасап отыр. Мұндай жайтты айтқан кезде жауапкершіліктің де болғаны дұрыс-ау. Өйткені, біз туристерді тартқымыз келеді. Шетелдік инвесторлардың қаражатын тартуға ұмтыламыз", – деді облыс басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін қоғам белсендісі әрі блогер Шыңғыс Лепсібаев Түркістан қаласында орналасқан "Керуен-сарай" Орта Азиядағы көпфункционалды туристік кешенінің суреттерін жариялап, 87 млрд теңгеге салынған нысан қирап жатқанын мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918493-keruen-sarai-penoplasttan-salyngan-ba-sokeev-synga-zauap-berdi/