Алматы облысында 57 жастағы әйел туған анасын өлтірді деген күдікпен ұсталды
Жарияланған күні:
Алматы облысында 57 жастағы әйел туған анасын өлтірді деген күдікпен ұсталды. Жәбірленушінің мәйіті жертөледен табылған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық полиция департаментін баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды оқиға Іле ауданында болған.
"Іле аудандық полиция басқармасына 77 жастағы әйелдің жолдасы хабарласып, жарының мүрдесі уақытша салынған үйдің жертөлесінен табылғанын жеткізген. Аталған факті ҚР ҚК 99 бабы 1 бөлігі яғни, "Адам өлтіру" бойынша тіркеліп, тәртіп сақшылары оқиға орнына барған. Анықталғандай, қарт ана үйде жолдасымен бірге тұрған.
Ал уақытша салынған үйде оның 57 жастағы қызы тұрған. Мүрде табылған сәтте қайтыс болған әйелдің қызы мас болған. Ол сауықтыру орнына жеткізіліп, есін жинаған соң анасын өлтіргенін, денесін жертөлеге жасырғанын мойындаған. Күдікті сотқа дейінгі тергеу барысында қамауға алынды", - деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Еске салайық, осыған дейін Алматыда пәтер жалдаушы үй иесін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді.
Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы жер үйлердің бірінде болған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, ер адам мен әйел бір бөлмені жалға алған. Үй иесі оларға бөлмеде ішімдік ішіп, шулауға болмайтынын айтып, ескерту жасаған.
"Ол кете салысымен екеуі ішімдік ішіп, шулаған. Үй иесі оларға ескерту жасаған. Осы кезде олардың арасында жанжал шыққан. Әйел үстелдің үстіндегі пышақты алып, үй иесіне салған. 50 жастағы ер адам сол жерде көз жұмды. Күдіктілер ұсталды. Екеуі де мас болған. Олар Алатау аудандық полиция басқармасына жеткізілді",- деп хабарлады полиция департаментінде.
Аталған қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920291-almaty-oblysynda-57-zastagy-aiel-tugan-anasyn-oltirdi-degen-kudikpen-ustaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.