Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

25 жастағы шымкенттік жігіт бүкіл елді батыста малы қырылған шаруаларға көмектесуге шақырды

Опубликовано:

Құрмет
Фото: Құрметтің жеке мұрағатынан

Шымкенттік жас жігіт қазақстандықтарды қуаңшылықтан зардап шегіп отырған батыс аймақтағы шаруаларға көмектесуге шақырды. Елді асарға шығуға үгіттеген Құрмет Талапқазы KAZ.NUR.KZ тілшісіне айналасы бір аптада жанына 30 шақты азаматты топтастырып, 1 млн теңге жинап үлгергенін жеткізді. Желіде танымал болған ол қайырымды шараны ұйымдастырғаны үшін ешкімнен алғыс күтпейтінін айтады.

Шымкенттің қарапайым тұрғыны Құрмет Талапқазының видеоүндеуі бір апта бұрын Facebook желісінде кеңінен тарала бастады. Ол күн өткен сайын игі бастамасын қолдаушылардың артып жатқанын айтады.

"Қазір маған хабарласып, шөп оруға келеміз, жүк көлігін беремін, ақшалай көмектесемін деген адамдар бар. Бүгінге дейін бір миллион теңгеге жуық ақша жиналды. Әсіресе солтүстіктің, шығыс Қазақстаннан Өскеменнің жігіттері, Жамбыл облысының жігіттері белсенді", - дейді Құрмет.

Игі бастаманы көтерген тұрғын Алматы облысының жігіттерін де асарға шақырып отыр.

Оның айтуынша, Қазақстанның батыс аймақтағы шаруаларға қолғабыс ретінде ұйымдастырылған асарға тіпті, шетелдік азаматтар да ат салысуға ниет білдірген.

"Маған Қырғызстаннан, Дағыстаннан азаматтар ақшалай көмек береміз деп хабарласты", - дейді ол.

Бүгінгі таңда Құрмет Талапқазының бастамасымен жер-жерден асардың арқасында 27-30 мың пресс шөп жиналған. Бірақ бұл әлі де аздық етеді.

"Осы шөпті орып, престеп жібере салуға болады батысқа, бірақ ол екі айға жетпей бітіп қалады. Сөйтіп қара күзде, қыста батыстағы мал қырылады. Осыдан кейін шөпті іздесек те, таппаймыз. Сол үшін мына қазақтың сулы мекен, далаларындағы шөпті орып, қыстың қамын жасайық. Жалпы ел болып шөп ору асарына келейік ағайындар", - дейді Құрмет Талапқазы.

25 жастағы Шымкент тұрғыны асар ұйымдастырғаны үшін ешкімнен алғыс, атақ күтпейтінін айтты.

"Мен өзімді ешқандай батырмын деп, жұлдызбын деп айтпаймын. Бұл әр қазақтың баласы істейтін жұмыс болуы керек. Батыстағы шаруа қиналғанда бос отырғанымыз жарамас", - дейді белсенді жігіт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920579-25-zastagy-symkenttik-zigit-batysta-maly-qyrylgan-sarualarga-komektesuge-bukil-eldi-zumyldyrdy/

pixel