RU

Алматыда вакцина алғандарды қалай анықтайды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин белгілі бір салаларда қызметкерлердің вакцина алғаны кадр бөлімі арқылы тексерілетінін жеткізді деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, тексеруді аурухана эпидемиологтары жүргізеді.

Бізде де бақылау пункттері бар, дейді Жандарбек Бекшин.

"15 шілдеден кейін мониторингтік топтардың жұмысы бас санитариялық дәрігердің барлық контингентті вакциналау туралы 31-ші қаулысының орындалуын бақылауға бағытталады. Әрине, ішінара тексерістер болады", - деді бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар, ол қызметкерлердің вакцина алғанын немесе алмағанын қалай тексеруге болатынын атап өтті.

"Кез келген мекеменің кадр бөлімі бар, қызметкерлердің тізімі бар, мәліметтер базасын қарауға болады. Барлық қызметкерді жеке тексеру болмайды, жұмыстарына кедергі жасалмайды. Цифрлық технологияларымыз бұл жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді", - деді Жандарбек Бекшин.

Оның сөзінше, егер бір компанияның елдің бас санитариялық дәрігерінің бұйрығын орындамайтыны анықталса, онда оның жұмысын тоқтатуға дейінгі шаралар қолданылады. Бірақ алдымен түсіндіру жұмыстарының жүргізілетіні белгілі болды.

Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирустың төртінші толқыны басталғанын мәлімдеді.

"Коронавирустың үшінші толқыны бәсеңдемей жатып, төртінші толқынға тап келіп отырмыз. Төртінші толқын коронавирустың "дельта" штамының пайда болуымен тікелей байланысты", - деді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайты ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жария етті. Оған сәйкес, Ақмола мен Маңғыстау облыстары "қызыл" аймаққа өтті.

2 шілдедегі жағдай бойынша "қызыл" аймақта Ақмола мен Маңғыстау өңірлерінен басқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр.

"Сары" аймақта Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстары орналасқан.

Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл" аймақта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920738-almatyda-vakcina-algandardy-qalai-anyqtaidy/