RU

Қарағанды облысында телефон тауып алған жігіттердің басы бәлеге қалды

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Сәтбаевта телефон тауып алып, есеп шотынан ақша аударып алған екі жігіт анықталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, 3 шілде күні 41 жастағы қала тұрғыны Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының полиция бөліміне жүгінеді. Ол кәмелетке толмаған қызы бірнеше күн бұрын ұялы телефонын жоғалтып алғанын айтып, шағымданады.

Ұялы телефонды әлдебіреулер тауып алып, банктердің бірінің Интернет-қосымшасы арқылы жәбірленушінің есепшотынан 20 мың теңге алғаны анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді – 17 және 18 жастағы екі жігітті ұстады. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтанда ер адамның әмиянын тартып алған қарақшы видеоға түсіп қалғанын жазған едік.

Ұрланған әмиянда жәбірленушінің телефоны, құжаттары мен банк карталары болған. Залалдың жалпы сомасы шамамен 400 мың теңгені құрады.

Одан бөлек, СҚО шенеуніктері мектеп оқушыларының ноутбуктарын ұрлап, ломбардқа тапсырғанын жазған болатынбыз.

Шығын шамамен 28 миллион теңгені құрады. Лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921568-qaragandy-oblysynda-telefon-tauyp-algan-zigitterdin-basy-balege-qaldy/