Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қоғамға өте қауіпті": Президент вакцина паспортын сататындарды қатаң жазалауға шақырды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  жалған вакцина паспортын жасайтындарды қатаң жазаға тартуды тапсырды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында екпеге қатысты жалған құжаттар жасалғаны туралы деректер шығып жатыр. Бұл қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, пандемиямен күрестің негізгі жолы вакциналау екенін түсіну керек. Сондықтан жалған паспорт жасайтындар қатаң жазаға тартылуы шарт.

"Бүгінде вакциналау туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек жазаға тарту шарасы да қатаң болуға тиіс. Бұл Әкімшілік кодекске сәйкес заң бұзушылық екені айдан анық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бірыңғай тестілеу базасын және екпе салудың цифрлық картасын іске қосу қажеттігін де ерекше атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін вакцинаны міндетті түрде салдыру мәселесіне қатысты Қазақстан президентінің пікірін жариялаған болатынбыз.

"Ашығын айту керек, қазіргі вакциналау жұмысының қарқыны әлі де мардымсыз, нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде азаматтарымыз өзінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы қажет. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921806-qogamga-ote-qauipti-prezident-vakcina-pasportyn-satatyndardy-qatan-zazalauga-saqyrdy/

pixel