"Бізді не үшін вакциналап жатыр": Рестораторлар жұмыс уақытын ұзартуды талап етті
Жарияланған күні:
Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы елдегі карантин тәртібінің күшейтілгеніне наразы. Себебі оларға сағат кешкі сегізге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Осы орайда рестораторлар шектеу салдарынан елдегі қоғамдық тамақтандыру орындарының 40 пайызы қазірдің өзінде жабылудың алдында тұрғанын мәлімдеп, дабыл қақты деп хабарлайды КТК арнасы.
Рестораторлар бұлай жалғаса беретін болса, түбі банкрот болатынын айтады.
"Онда несіне Ashyq жүйесі енгізілді? Бізді не үшін вакциналап жатыр? Бүкіл талапты орындасақ та, бізді тағы шектеп қойды. Оның үстіне жасырынып жұмыс істейтін жерлер көбейді. Онсыз да бәрі қазіргі режимге үйренді емес пе?! Түн ортасына дейін ешкім жүрмейді. Жүретіндері сол, есікті іштен құлыптап қойып жұмыс істейтін жерлерге барады", - дейді Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.
Сондықтан рестораторлар үкіметтік комиссия карантинді күшейту туралы шешімді қайта қарау керек деген талап қойып отыр. Себебі, кешкі сегізден кейін жабылатын қоғамдық тамақтану орындары табыстың 90 пайызынан қағылып жатыр екен.
Оның үстіне қызметкерлерін вакциналау уақытының да тым тығыз екені қосымша қиындық тудырған. Бірақ оның мерзімі қайта қаралатын болды. Десе де жұмыс уақытына қатысты ондай жеңілдік жоқ.
Айта кетейік, қазір елде коронавирус жұқтырушылар қатарының тым өсіп кетуіне байланысты үш ірі қала мен 9 өңір "қызыл" аймаққа енгізіліп, Қазақстанда карантин күшейтілді.
Алайда бір елорданың өзінде екі аптада карантин төртінші рет қатаңдатылып жатса да, еш нәтиже болмай отыр деп жазады телеарна.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922283-bizdi-ne-usin-vakcinalap-zatyr-restoratorlar-zumys-uaqytyn-uzartudy-talap-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.