Белгілі дінтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлінің науқастанып қалғанын жеткізді
Жарияланған күні:
Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы мүфтиятты ұзақ уақыт басқарған ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің науқастанып қалғаны жөнінде ақпарат таратты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Шипа берсін... Еліміздің ұлы ордасы мүфтиятты он жылдан аса басқарған, ғалым, ұстаз, профессор Әбсаттар қажы Бағыспайұлы Дербісәлі қазіреттің денсаулығы сыр беріп жатқан жайы бар. Алла қате мен күнәлары болса, кәффарат болсын. Әмин. Расымен Діни басқарманы елеулі белеске көтерген бұл ұстаздың еңбегін Аллам ғана бағалай алады…. Имам мен молдаларға қаламды ұстата білген дара жан. Парасаттығы ерекше еді. Кімді көтеріп, кімді орнықтыра білетін қасиетке толы көкірегіндегі демі ұзағынан болып, кеңінен тыныстағай", - деп дұға тіледі имам Нұрлан Байжігітұлы желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Әбсаттар қажы Дербісәлі - шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.
2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болып тағайындалды. 2007 жылы Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы болды. Ұлттық Ғылым Академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің, Жазушылар және Журналистер Одағының, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі. ҚазҰУ-дың әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірген. Республикадағы мемлекеттік 10 университеттің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» Ғылым Академиясының (Каир) академигі. Әбсаттар қажы Дербісәлі - республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922341-belgili-dintanusy-absattar-qazy-derbisalinin-nauqastanyp-qalganyn-zetkizdi/