БАҚ: Грузияда Әсел Айтпаеваның өліміне күдікті өлі күйінде табылды
Жарияланған күні:
Грузияның бұқаралық ақпарат құралдары 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваны зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген деген күдіктінің қайтыс болғаны жайлы хабарлады. Ол түрмеде өлі күйінде табылған.
Sputnik Грузияның грузиялық БАҚ-қа сілтеме жасап жазуынша, 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның өліміне күдікті Бесик Тордуа түрме камерасынан өлі күйінде табылған. Ол сот отырысына дейін қамауда отырған еді.
Басылым тілшілері оқиғаның жай-жапсарын білу үшін арнайы пенитенциарлық қызметке жүгінген. Ал Грузияның ішкі істер министрлігінің өкілдері мұндай мәліметтен хабары жоқ екенін айтқан.
Еске сала кетсек, 5 мамырда Әсел Айтпаева Тбилисидегі үйлердің бірінің терезесі маңынан өлі күйінде табылған болатын.
Кейінірек оның өліміне күдікті ретінде Грузияның 57 жастағы азаматы қамауға алынды. Елдің бас прокуратурасы оған қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айып таққан. Егер оның кінәсі дәлелденсе, күдікті алдағы 10 жылын колонияда өткізуі мүмкін еді.
Одан бөлек, желіде марқұм мен күдіктінің арасындағы сөйлесудің жазбасы пайда болды. Жазбада ер адамның қызға қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын естуге болады.
Дегенмен күдіктінің қорғаушысы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады. Адвокат Лаша Шукакидзенің сөзінше, күдікті марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті, ол екеуінің үйленбек болғанын да айтқан.
Одан бөлек, қазақстандық полицейлер Әсел Айтпаеваның ата-анасы Бас прокуратураға арыз жазған соң бойжеткенді шетелге жұмысқа шақырған туысы Мұрат Мейірбековті "Адам саудасы" бабымен қамауға алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922582-baq-gruziyada-asel-aitpaevanyn-olimine-kudikti-oli-kuide-tabyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.