RU

"Арқасы аттан үлкен": Желіде салмағы 204 келіні құрайтын алып қойдың видеосы тарап кетті (видео)

Фото
Фото: Экспресс К

Желіде салмағы 204 келіні құрайтын алып қойдың видеосы пайда болды. Төрт түліктің Қазақстанның қай өңірінде құрбандыққа шалынғаны әзірге белгісіз деп жазады Экспресс К.

Бойы мен салмағы тайыншадай болатын қойдың видеосы Tik Tok әлеуметтік желісінде пайда болды.

Онда бір топ азаматтың алып қойды сырттан әкеліп, салмағын өлшеп жатқанын анық көруге болады.

"Гулливерді әкеле жатыр. Салмағы 204 келі. Қуаныш бауырым, мықты қошқар екен" ,- дейді видео авторы.

Басылым мәліметінше, әзірге алып қой Қазақстанның қай өңірінде құрбандыққа шалынғаны белгісіз.

Еске салсақ, Қазақстанда 20-22 шілде аралығында мұсылмандардың Қасиетті Құрбан айт мейрамы тойланып жатыр. Осыған орай, елде Құрбан айттың алғашқы күні демалыс күні деп белгіленіп, қазақстандықтар кеше бір күн демалған еді.

Жалпы мұсылман қауымында Құрбан айтқа қой, ешкі, сиыр мен түйені шалуға болады. Бұл ретте қой мен ешкінің жасы - 1 жастан аспағаны жөн көрінеді. Десе де алты айлық қой ірі болса, құрбандыққа осындай жас малды шалуға болады екен.

Сонымен бірге бұған дейін елордада құрбандыққа шалуға арналған бұқаның қасапханадан қашып кетіп, полицейлерді әбігерге түсіргенін мәлімдеген едік. Кейін 29 жастағы ер адамның бұқаны Құрбан айтқа алдырғаны, алайда ол қашып кеткені белгілі болды. Ал бұқа иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923211-arqasy-attan-ulken-zelide-salmagy-204-kelini-quraityn-alyp-qoidyn-videosy-tarap-ketti-video/