"Садақа жасау сауап па, күнә ма": Ақтау әкімі жазбасымен көпшілікке ой салды
Жарияланған күні:
Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай әлеуметтік желісіндегі парақшасында бүгінгі таңдағы өзекті мәселені көтеріп, көпшілікті ойландырып қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Өмірдегі қуанышты сәттерін жұртпен бөлісіп, той тойлап, көпшілікті шақыру, садақа жасап, ас беру сауап шығар... (негізінде).
Бірақ ауруханадағы адам санының күрт өсуіне қарап тұрып, реанимациядағы ауыр халділердің күн санап өсіп келе жатқанына куә бола тұра, халықты жинап той, садақа беру сауап болғаны ма, әлде күнә болғаны ма? Түсінер емеспін...", - деп жазды Нұрдәулет Қилыбай Facebook парақшасында.
Ақтау қаласы басшысының жазбасы желіде көптің талқысына түсті.
Пікір білдіргендердің басым бөлігі әкімді қолдаған.
"Айтып отырғаныңыз дұрыс. Садақа беру әр мұсылманның парызы ғой. Алайда мынандай жағдайда тоқтату керек", "Жазбасыңыз өте орынды және өзекті. Дінімізде адам өмірін сақтау басты құндылық болып табылады. Бір адамның өміріне араша түсу, бүкіл адамзатқа араша түсіп, өмірін сақтағандай сауап беріледі. Дәл қәзіргі уақытта садақа берудің басқа түріне көшу керек. Марқұмдардың соңынан берілетін дәстүрлі ас-садақаларды азық түлік ретінде мұқтаж отбасыларға жеткізіп берсе нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде садақа беріп, сауап табамын деп, өзгелердің денсаулығына зиян берудеміз. Ең пайдалы мұсылман өзгеге зиян бермеген мұсылман" , -деп жазды олар.
Еске сала кетсек, осыған дейін Ақтау әкімі Нұрдәулет Қилыбай коронавирус инфекциясының таралуы әлі де өршіп тұрғанын сөз етіп, қала тұрғындарын карантин талаптарын сақтауға шақырған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923518-sadaqa-zasau-sauap-pa-kuna-ma-aqtau-akimi-zazbasymen-kopsilikke-oi-saldy/