RU

Қазақстанда 2 тамыздан бастап қандай шектеулер күшіне енеді

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бүгін, 2 тамызда Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты бірқатар жаңа шектеу күшіне енді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өткен еді.

Оның барысында ВАК елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65 пайызын және тәуліктік өлім-жітім жағдайларының 55 пайызын құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.

2 тамыздан бастап:

  • орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтайды;
  • ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
  • мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).

Ashyq жобасынан тыс құрылыс жұмыстарын жүргізуге, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне, байланыссыз қызмет көрсетуге, қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне тек жеткізіп беру және өзімен алып кету үшін рұқсат.

Жұмыс күндер Ashyq жобасына қатысатын нысандар 20:00-ге дейін жұмыс істей алады.

Сонымен бірге, аталған өңірлерде карантин талаптарын күшейту бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берілген.

Айта кетейік, елордада сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған.

Ал Алматыда демалыс күндері автобустар мен метро қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924997-qazaqstanda-2-tamyzdan-bastap-qandai-sekteuler-kusine-enedi/