Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада ішкі органдарын донорлыққа беруге келіскенін ашық мәлімдеген жігіт ел талқысына түсті

Опубликовано:

донор
Көрнекі фото: Pixabay.com

Елорда тұрғыны қайтыс болған соң мұқтаж жандарға донор болуға келісімін берді. Ол осылайша кем дегенде жеті адамның өмірін құтқарып қалуға болатынын айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

39 жастағы астаналық Ерлан Сәкенов көзі тірісінде ағзасы мен жасушаларын өзі көз жұмған жағдайда донорлыққа беруге дайын екенін мәлімдеді.

"Бүгін мен ағзаларым мен жасушаларымды донорлыққа беруге келісетінімді растадым. Келісімімді электронды үкіметтің "Денсаулық сақтау" бөлімінде тіркедім. Мен қайтыс болғанда менің жақындарымның рұқсатын алып, бұл сұрақты келісіп алу керек. Туыстарымның рұқсатын заң талап етеді", - дейді ер адам.

Ол өзінің ағза доноры болуына 100 пайыз кепіл жоқ екенін де айта кетті.

"Мұндай кепілдік жоқ. Тіпті мен келісім берсем де, нақты сол нәрсе болады деп айта алмаймыз. Донор болу үшін белгілі бір шарттар орындалуы тиіс. Бұл жерде қарсы көрсетілімдер де есепке алынады. Мысалы ВИЧ, гепатит дегендей. Қазақстанда донор болу 18 жастан рұқсат етілген. Ал мен 39 жастамын", - дейді ол.

Ерлан Сәкенов донорлықтың барлық шарты орындалған жағдайда өлген адамның ағзасы мен жасушалары кімдерге берілетінін айтты.

"Ағза алмастыруға мұқтаж кез келген қазақстандық азамат донорлық ағзаға ие бола алады, біздің елде басқа мемлекеттердегі кезегін күтіп жүргендер көп. Бір адам жеті адамның өмірін құтқарып қала алады. Елімізде донор болу қатты айтылмайды, ол әркімнің жеке шаруасы, біздің аймақта естіген құлаққа түрпідей тиюі мүмкін", - дейді ерікті тұрғын.

Сондай-ақ, елордалық азамат адамдарға электронды үкімет сайты арқылы көзі тірісінде донорлықтан бас тартуға болатынын мәлім етті.

"Бірақ мен келісім жолын таңдадым. Мен қан донорымын, енді донорлықты әрі қарай жалғастыру туралы шешімге келдім. Егер менде жеті адамның өмірін құтқару мүмкіндігі болса, оны пайдаланып қалғым келеді", - дейді Ерлан Сәкенов.

Ерланның жазбасы желі қолданушыларының талқысына түсті. Оның бұл қадамын қолдайтындар да, онымен келіспейтіндер де табылды.

"Дұрыс көзқарастамын. Егер өліп бара жатып, басқа бір адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік болса, неге келіспеске?", - дейді Ерлан Сәкеновты жақтаушы желі қолданушысы.

Ал керісінше, донор болуға қарсы адамдар келісім берудің арты жақсыға апармайтынын айтуда.

"Бұл жерде қорқынышты жағдайды сезбей отырғандарға таңым бар. Мысалы жол апатынан кейін ес-түссіз ауруханаға түстіңіз делік. Бірақ жазылып кетуге үміт бар. Мұндайда адамды қасақана өлтіріп, қолдан жасалған комаға түсіріп, туыстарына жаманат хабар беруі мүмкін. Сол арада науқастың органдары қалталыларға қуаныш сыйлайды. Бұл бизнес, қайырлы іс емес",- деген пікірде желі қолданушыларының бірі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925153-astanada-iski-organdaryn-donorlyqqa-beruge-keliskenin-asyq-malimdegen-zigit-el-talqysyna-tusti/

pixel