Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзбекстанмен шекарадағы бірнеше ауылдың тұрғындары көк түтінге тұншығып отыр

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысының шекара жанындағы ауыл тұрғындары маңайда өндірістік кәсіпорындар болмаса да лас ауамен тыныстауға мәжбүр деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Телеарна дерегінше, будақтаған ыс Өзбекстан аумағанда өртеніп жатқан қоқыстан шығып жатыр.

Мәселені бұған дейін екі мемлекет өкілдері өзара келіссөз жүргізіп шешпек болған. Алайда проблема сол күйінде қалып отыр.

Шекараның арғы бетінде көрші елдің күл-қоқыс тастайтын полигоны орналасқан. Күнделікті қалдықтар өртеледі. Одан шыққан түтінді жел айдап келіп жатыр. Көпшілік жергілікті билікке талай рет шағымдарын жеткізген. Улы түтін көрші мемлекеттің аумағынан келіп жатқандықтан қолдан келер шара жоқ.

Соның салдарынан Алпамыс батыр мен Көктерек ауылдарының халқы түрлі ауруларға шалдыға бастағанын жеткізді.

Түтіннің қалыңдығы соншалық, маңайдағы 100 метрге дейінгі аралықта ештеңе көрінбейді.

"Кешке қарай жатар алдында көшеге шығып таза ауа жұтып, тыныққың келеді. Ал таза ауа жоқ. Шықсаң ащы ыстың иісі жан-жақтан келеді де тұрады", - деді Алпамыс батыр ауылының тұрғыны Галина Хамидулина.

Бұл айтқандарға Соня Алиева де қосылатынын жеткізді.

"Ауылдың үстін түтін тұмшалайды. Міне, соңғы екі күн таза болып тұр. Біраз уақыттан соң бұл қайта басталады" деді ол.

Түтін ауыл тұрғындарының денсаулығына да кері әсерін тигізе бастаған. Оны дәрігерлер де растап отыр. Соңғы кездері жергілікті амбулаторияға жұрт жүрек және тыныс алу органдарына жиі шағымданып келетін болған.

"Диспансерлік есепте тұратын ауруларымыз бар. Тыныс жолымен, қан қысымымен тұрады. Инсульт алғандар бар. Олардың денсаулығына түтін қатты әсер етіп, ауруларын қоздыруда" деді медициналық амбулаторияның дәрігері Тасболат Кәрімов.

Айта кетейік, қоқыс алаңы Ташкенттен 17 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге тұрмыс қалдықтары Өзбекстан астанасының 4 ауданы және қала маңайындағы бір ауданнан тасталатын көрінеді. Мәселені 2019 жылы шешпек болған.

Келес ауданың әкімі және облыстық мәслихаттың депутаттарынан құрылған арнайы делегация Өзбекстанға барған. Анықталғандай, қоқыс полигоны жекенің қолында болып шыққан.

"Қоқыс өңдейтін зауыт қажет екен. Біз барған кезде 2021 жылдың соңында бітеді деген. Күн қатты қызған кезде тұтанған қоқысты өшіру үшін су шығарып қойған екен. Сонымен өшіріп отырмыз деп барлығын көрсетті. Зауыттың фундаменті құйылған" деді Келес аудандық әкімінің орынбасары Серік Қарақұлов.

Биыл сәуір айында бұл мәселе қос елдің де Үкіметі деңгейінде көтерілген. Қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданған көрінеді. Енді Түркістан облысының жауапты өкілдері жағдайды көзбен көру үшін тағы бір мәрте барып көрмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926247-ozbekstanmen-sekaradagy-birnese-auyldyn-turgyndary-kok-tutinge-tunsygyp-otyr/