RU

Елімізде КВИ-мен ауырғандар арасында есте сақтау қабілеті нашарлағандар саны артқан

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар арасында есте сақтау және ойлау қабілеті нашарлағандар саны артқан деп хабарлайды "Хабар 24".

Коронавирустың ашушаңдық, күйзеліске түсу сынды салдары да бар екен. Оның үстіне дерттен есте сақтау әрі ойлау қабілеті нашарлай түскендердің де қатары көбейген. Бұл туралы Алматы психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтты.

Дәрігердің сөзіне сенсек, коронавируспен ауырғандардың денсаулығындағы асқынулар аурудың өту деңгейіне тікелей байланысты. Психологиялық әлсіздік те дертті асқындырады екен. Мұндай жағдайда психолог көмегіне жүгінген дұрыс дейді мамандар.

Таза ауада көп серуендеп, кітап оқу да психикалық ауытқушылықты қалпына келтіруге көмектеседі.

15 шілдеден бері аталған психикалық сауықтыру орталығында 864 адам емделіп, олардың жартысы аурудан құлан таза айыққан.

"Қорқынышқа бейім адамдар тез ауырып қалады. Күйзеліске түскен адамның ағзасы қорғана алмайды. Мұндай адамдармен тек психологтар мен психиатрлар жұмыс істейді. Бұрыннан жүйкесі сыр бергендер де бізде ем қабылдайды. Біз оларға психиатриялық және медициналық көмек көрсетеміз. Нәтижесі айтарлықтай жақсы", - дейді психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Еске салсақ, бұған дейін Португалияда коронавирусқа вакцина салдырудан бас тартқан тұтас бір отбасы қайтыс болғаны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926569-elimizde-covid-19-ben-auyrgandar-arasynda-este-saqtau-qabileti-nasarlagandar-sany-artqan/