RU

"Телефонмен көңіл айта беріңдер": Шымкенттік имам қазаға көңіл айтудың жаңа әдісімен бөлісті

Мұхамеджан Естеміров
Мұхамеджан Естеміров: Шымкент қалалық әкімдігі

Шымкент қаласының наиб-имамы Мұхамеджан Естеміров індет өршіп тұрған шақта адам қайтыс болса, жақындарына көңілді телефонмен де айтуға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Өздеріңізге белгілі пандемия қатарынан екінші жылға жалғасып отыр. Қаншама бауырларымыздан айырылып жатырмыз. Осы ретте мен халықты той-жиынға, асқа, жаназаға бармауға шақырамын.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасындағылар арнайы пәтуа шығарды. Қазақта көңіл айту деген дәстүр бар. Ондай сәтте байланыс арқылы, телефон арқылы көңіл айтуға болады. Ол көңіл айту болып есептеледі.

Бұның бәрі не үшін? Әрине, адам денсаулығы үшін. Бір жерге топтасып баратын болсаңыз, індетті жұқтырып алуыңыз мүмкін",- деді наиб-имам.

Сондай-ақ, дін өкілі вакцина салдыруға қатысты да өз пікірін білдірді.

"Екінші мәселе - вакцина. Бұл бүгін ойлап тапқан нәрсе емес. Пайғамбар заманында бар, Ибн Синаның дәуірінен бар нәрсе бұл. Дәрігер ата-бабаларымыздың да қолданған үрдісі. Сондықтан вакцина салдырсаңыз, өзіңізге сенімді боласыз, өзіңізде күш пайда болады. Күш-қайрат болады, сол арқылы жеңдім дейсіз", - деп сөзін түйді Мұхамеджан Естеміров.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінгі таңда 300 дін қызметкері болса, оның 89 пайызы вакцина қабылдап үлгеріпті. Сондай-ақ, мешіттерге "Ашық" қосымшасы енгізілген.

Кеше шымкенттік депутат тойға баратын адамдарды ""халық жауы деп атауды ұсынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926655-telefonmen-konil-aita-berinder-symkenttik-imam-qazaga-konil-aitudyn-zana-adisimen-bolisti/