RU

"Жалғыз өзі аштан өлді": Талғардағы мүгедек жігіттің өлімі әлеуметтік желіде дау тудырды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: народная правда

Алматы облысының Талғар ауданында сал ауруына шалдыққан Медет Ерболұлы көз жұмды. Марқұмның қазасы әлеуметтік желіде жиі талқылануда. Себебі, Асылбек Қараев есімді желі қолданушысы балалар үйінде тәрбиеленген Медеттің аштан өлгенін, жергілікті билік өкілдерінің бұған назар аудармағанын ашына жазды деп хабарлайды «Пятый регион» басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

«21 ғасырда аштықтан, жалғыздықтан көз жұмған бауырымызды соңғы сапарға шығарып салдық. Оған су мен тамақ беретін ешкім болмады. Біздің тобымыз бірнеше рет әкімдікке хабарласты. Бірақ жаны ашыған ешкім болмады. Өзіміз аз да болса демеу болып, көмектесуге тырыстық. Ол 10 тамыз күні түнде қайтыс болды. Оның ешкімі жоқ еді, досы да, туысы да жоқ. Тұл жетім әрі мүгедек. Ешкімге қажеті жоқ», - деп жазды автор Асылбек Қараев.

Талғар ауданының әкімдігі Медет Дүйсенбаевтың 1994 жылы дүниеге келгенін, 2009 және 2012 жылдар аралығында «Ковчег» балалар үйінде тәрбиеленгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол церебралды сал ауруына шалдыққан 2-ші топтағы мүгедек. Эпилепсиясы да бар. Осы үшін невропатолог кезегінде тұрған.

2014 жылы оған Талғар қаласынан пәтер берілген. Сондай-ақ, Медет өзіне қызмет көрсете алатын. Яғни, кір машинасын, қысқа толқынды пешті, смартфонды пайдалануды білген. Өзі дүкенге бара алады.

«Балалар үйінің директоры М. Сугакованың айтуынша, Медет өзінің пәтері барын алға тартып, өзі бөлек тұруды жөн көрген. Ол екі апта бұрын директордың келісімімен өз үйіне кеткен. Барлық дәрі-дәрмегі жеткізілді. Балалар үйінің қызметкерлері де қарайласып тұрған. 4 тамыз күні оның жағдайы нашарлағаны туралы ақпарат түсті Өкршілерінің айтуынша, ол эпилепсияға байланысты үш күн үйінен шыға алмаған. Көршілері жедел жәрдем шақырып, Талған ауданы әкімінің орынбасары көмегімен орталық ауруханаға жеткізді», - делінген әкімдік хабарламасында.

Медет Дүйсенбаев 4 тамызда Талғар аудандық орталық ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер бар амалды жасағанымен, 10 тамыз күні ол көз жұмған.

Әкімдік оның аштықтан қайтыс болғанын жоққа шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926865-zalgyz-ozi-astan-oldi-talgardagy-mugedek-zigittin-olimi-aleumettik-zelide-dau-tudyrdy/