RU

Алматы “ақылды” қалалар рейтингісінде екінші орын алды

Алматы
Фото: Максим Золотухин

Алматы ТМД «ақылды» қалаларының арасында екінші орынды иеленді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қаланың Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Алматы ТМД мен Шығыс Еуропа аумағындағы қалалардың көшбасшы тобына кіреді. «Алматы - 2050» бағдарламасы мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы басқарудың стратегиялық мақсаттарына сәйкес болу тиіс.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша біз 2017 жылдан бастап халықаралық деректер корпорациясының цифрлық жетілу рейтингісінде Алматы қаласының 2,7 балл позициясын алғанын көреміз. Бұл біз соңғы екі жылда қол жеткізген өте үлкен көрсеткіш. Бұл маңызды оқиға. Түсінікті болу үшін, 2019 жылы біз 10-шы орынды иелендік, ал ТМД-ның ақылды қалалары арасындағы соңғы нәтижелер бойынша біз 2-орында тұрмыз. Яғни, біз Киевтен озып, Мәскеуден кейінгі орындамыз», - деді Баян Қоңырбаев.

Цифрлық жетілу – қаланың өз дамуында цифрлық шешімдерді енгізуге дайындығының негізгі көрсеткіші екенін атап өткен жөн. Спикердің айтуынша, цифрлық трансформация – бұл жаһандық мақсат және цифрлық жетілу, оның негізгі белгілерінің бірі ретінде, барлық салаларда барлық деңгейде қол жеткізілуі тиіс. Бұл жағдайда цифрлық трансформация процесін сәтті деп атауға болады.

«Біз қаланы цифрландыруға ғана емес, тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасауға, таланттардың дамуына жағдай жасауға және өмірлік белсенділігімізге жаңа технологияларды тартуға ұмтыла бастадық», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Баспасөз конференциясы барысында Цифрландыру басқармасының басшысы әр үкіметтік ведомство деңгейінде сараптамалық кеңес құру туралы айтты.

«Бұл негізгі төрт бағыт: инфрақұрылымдық жобалар, қалалық бастамалар, мемлекеттік қызметтерді бағалау, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен құрылған АT-кеңес», - деп атап өтті ол.

Алматыны цифрландырудың негізгі жетістіктеріне тоқталған спикер мегаполистің бес жетістігін атады.

«Бұл тізімде Бірыңғай деректер базасы, Бірыңғай коммуникациялық кеңістік, шалғай аудандарда АКТ-ны инфрақұрылымдық дамыту, қала аудандарын экономикалық кластерлеу және Smart City Accelerator бар», - деді спикер.

Баян Қоңырбаев бірыңғай деректер базасының жобасы туралы айтты. Оның көмегімен мемлекеттік органдар, коммерциялық ұйымдар мен академиялық институттар деперсоналдырылған деректермен алмаса алады. Цифрландыру басқармасының басшысы бірыңғай деректер базасын әзірлеген кезде ұлттық және жергілікті деңгейде мемлекеттік органдардың деректермен алмаса алатын Сингапур тәжірибесін қолданғандарын айтты.

«Біз платформаны іске қостық және ол өзін жақсы көрсетті.

«Алматы су», жылу желілері мен басқа да коммуналдық қызметтер бірыңғай стандарт бойынша мәліметтер базасының форматын жүргізе бастады. Бұл шын мәнінде үлкен жетістік», - деп атап өтті Баян Қоңырбаев.

2021 жылдың соңына қарай Цифрландыру басқармасы білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғауға қатысты деректерді жинауды жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік органдарға жалпы форматта қандай мәселені басты назарда ұстауға болатынын көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927462-almaty-aqyldy-qalalar-reitingisinde-ekinsi-oryn-aldy/