RU

«Адам өмірі – басты құндылық»: «Қазақмыс» мамандары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өнертабыстар ұсынды

ТБ
Фото: Корпорация Казахмыс

Еіліміздегі ең ірі мыс өндіруші саналатын «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері еңбекті қорғау және қауіпсіздіктік техникасын сақтау саласында маңызды жаңашылдықтарға қол жеткізді. Бұл кәсіпорында әр тоқсан сайын «қауіпсіздік сағатын» ұйымдастырудың арқасында мүмкін болып отыр. Осы орайда, Zakon.kz компания қызметкерлерінің қауіпсіздік үшін ойлап тапқан ең жарқын өнертабыстары мен идеяларын ел назарына ұсынады.

Өндірісте қауіпсіздік техникасын сақтау, қызметкерлердің тиімді еңбектенуіне барынша жағдай жасау кез келген кәсіпорын үшін аса маңызды мәселе екендігі сөзсіз. Өз жұмыскерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын «Қазақмыс» корпорациясы жарақат алу немесе апаттық жағдайлар сынды түрлі жайттарды болдырмаудың ерекше жолын ойлап тапты.

Нақтырақ айтқанда, кәсіпорындағы қауіпсіздікті нығайта түсу үшін компания бірінші кезекте өз қызметкерлерінің белсенді атсалысуына мүмкіндік беріп отыр.

Қорғаушы экрандар, баспалдақтағы арнайы «қақпандар» - бұл «Қауіпсіздік сағаты» барысында қызметкерлер ұсынған өнертабыстардың біршамасы ғана.  

Осы жылы компания жұмыскерлері арасында онлайн дауыс беру ұйымдастырылып, екінші тоқсан нәтижесі бойынша ең тиімді ұсыныстар таңдалды. Сонымен, жұмысты барынша қауіпсіз етуге айтарлықтай үлес қосқан ең жарқын өнертабыс түрлеріне көз жүгіртіп көрелік:

Қолданыстағы құрылғыларды жетілдіре отырып, қауіпті жағдайды болдырмау

Қарағанды шахта үңгілеу басқармасының Г.Ө. Омаров атындағы шахта үңгілеу трестінде энергетик болып жұмыс істейтін Виталий Герасименконың арқасында кеншілердің жұмысы одан да қауіпсіз бола түсті.

Өнертапқыш сорғы қондырғыларында тізбектегі электр ағымының бағытын өзгертуге жауап беретін коммутациялық аппараттарды жетілдірді. Нақтырақ айтсақ, ол аппараттарға сусымалы және сұйық ортаны бақылау аппаратурасы мен сорғы қондырғысын автоматты түрде қосуға және өшіруге арналған деңгей датчиктерін орнатты.

Нәтижесінде оның өнертабысы шахталарда күрделі су ағызуды ұйымдастыру үшін қолданылып, еңбек өнімділігін арттыруға, сонымен қатар жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік берді.

Десе де, бұл оның өнертабысының басты артықшылығы емес. Себебі, Виталий аппаратты жетілдіру кезінде бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін шешуге ерекше ден қойды. Жетілдірілген құрылғы сорғы қондырғысы қосылған кезде тоқ соғу қаупін азайтады және су деңгейі автоматты түрде реттелетіндіктен, жұмысшылардың қауіпті жағдайда өткізетін уақытын қысқартады. Одан бөлек, құрылғы жабдықтың айналатын және қозғалатын бөліктерінен жарақат алу қаупін жойып, суды сору процесін оңтайландырады.

Осылайша, су деңгейін үнемі бақылап отырудың енді еш қажеттілігі жоқ және жұмыскерлер қондырғыларда алаңсыз жұмысын жүргізу мүмкіндігіне ие болып отыр.

ТБ
Фото: Корпорация Казахмыс

Тоқ соғуды болдырмайтын қорғаныш экрандары

 «БалқашТүстіМеталл» өндірістік бірлестігі «Шатыркүл» кенішінің бас энергетигі Санжар Барменқұлов электр қондырғыларымен жұмыс істеу ерекше қорғауды қажет ететінін түсініп, бұл мәселенің өзіндік шешімін ұсынды. Санжар тоқ өткізгіш бөлікке арналған ескі үлгідегі қорғаныш экранын қолдану әлдеқайда тиімдірек екенін дәлелдей алды. Мұндай мөлдір органикалық әйнектен жасалатын экран электр жабдықтарын жөндеу кезінде тоқ соққан жағдайда қызметкердің жарақат алу қаупін азайтады. Бүгінде бұл бастама «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігінің өзге де цехтарында қолданылып отыр.

Іске қосу сәтін бақылауда ұстау

Назар аударуға тұрарлық тағы бір өнертабысты «ҚарағандыТүстіМеталл» өндірістік бірлестігінің Нұрқазған кен байыту фабрикасында бас энергетик болып жұмыс істейтін Болат Қожабеков ұсынды. Ол қосымша техникалық қоршау түрін ойлап тапты. Мұндай қоршау адамның аяқ-қолдарының құрылғыға шайналып кету қаупін азайтады.

Сондай-ақ, бас энергетиктің роллер-пресс операторына онлайн трансляция жасайтын бейнебақылау камерасын орнату идеясы да ерекше қолдауға ие болды. Бұл жұмыскерге жабдықты іске қосу сәтін бақылауда ұстауға көмектеседі.

Қауіпсіздік қақпандары

Энергетикалық қауіпсіздік және еңбекті қорғау департаментінің директоры Болат Сәдуаров болса, биіктіктен құлау кезіндегі қайғылы жағдайларды азайтудың тың тәсілін ойлап тапты. Ол 1,8 метрден 3 метрге дейінгі биіктікке баратын баспалдақ бойымен құлау кезінде ауыр жарақат алуға тосқауыл бола алатын арнайы бөгеттерді орнатуды ұсынған. Мұндай «қақпандар» адамның баспалдақтан құлауын бәсеңдетіп, оның жарақат алу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс» корпорациясы адамды және оның қауіпсіздігін басты құндылық санайды. Бұған компанияның барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше мән беруі, жұмыс орнында ықтимал қауіптердің алдын алатын жаңа шешімдерді үнемі іздестірумен келетіні дәлел бола алады. Еңбекті қорғау мәселесінде оңтайлы шешімдер қабылдау қызметкерлерге өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді, нәтижесінде бұл өнімділік пен тиімділіктің артуына жағдай жасайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927539-adam-omiri-basty-qundylyq-qazaqmys-mamandary-qauipsizdikti-qamtamasyz-etetin-onertabystar-usyndy/