RU

"Көшеге шыға алмай отырмыз": Ауғанстандағы этникалық қазақтардың жағдайы қалай

Кабул
Видеодан кадр: 31 арна

Ауғанстанға сауда-саттықпен барып жүрген қазақ азаматтары аумалы-төкпелі жағдайдан кейін елге қайта алмай қалған. "Тәліптердің" қысымынан үрейленген олар өмірі үшін алаңдап отырғанын жасырмады. Сөздерінше, Ауғанстан аумағында тіршілік тұралаған екен. Кейуаналар мен әйелдер көшеге шығудан қалған. Ал ауруханаға бару тіпті мұң. Бұл әсіресе, жаңадан босанған аналар үшін тым қиын болып отыр деп хабарлайды 31 арна.

Ауғанстанда тұрған этникалық қазақтың бірі Әбдісаттар Нематуллаұлы ағайындарымен 2002 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2011 жылы елге көшіп келген.

Шымкент қаласында тұрақтаса да, Ауғанстанға сауда-саттықпен жиі баратынын мойындады.

Түркия, Пәкістан мен Өзбекстаннан дәрі сатып алып, Ауғанстанға апарады екен.

Ал төңкерістен соң, Қазақстанға жете алмай қалдым деп отыр.

Әбдісаттардың сөзінше, қазіргі уақытта әйелдер үйде тығылып отырса, ерлер дүкенге бару үшін билік өкіліне ескертіп қана көшеге шығатын болған.

"Кабулде бір-екі үй ағайындар бар. Бәріміз бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Қазақстан үкіметінен көмек күтіп отырмыз. Ауғанстаннан шығуымыз керек. Бұнда не болатынын белгісіз. Күнбе-күн қиыншылық көбейіп жатыр. Көшелерде адам көрінбейді", - деді Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының азаматы жағдайды баяндап.

Әбдісаттар қазір тұрақтаған Бағлан қаласының Пұлқұмыр өңірінде пуштундардан өзге тәжік пен өзбек аз емес екенін жеткізді. Оның сөзінше, өзара парсы тілінде сөйлеседі екен.

Әбдісаттардың әйелі мен бір баласы, ата-әжесі қасында. Ал әкесінің кейінгі әйелі жуырда үйде босанып, ауруханаға жете алмай қалған.

"Келін босанды. Ауруханаға немесе басқа жаққа шыға алмаймыз. Дәрі де ала алмай отырмыз. Осындай қиын жағдайда үйде қамалып отырмыз", - деді Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының азаматы Сәлима Әбділәзиз.

Ауғанстанның Мазари Шариф қаласында да қазақтар қоныстанған. Олар елден шығуға көмек сұрап отыр. Қазір мұнда ерлерге сақал қою жаппай міндеттелді, дейді жергілікті тұрғындар.

Жат жердегі қазақтар дүкендер мен дәріханалардағы көріністі түсіруге жүрексінетінін жеткізді. Өйткені тұтқиылдан тәліптер ұстап алуы мүмкін дейді.

Бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстаннан шыға алмай қалған отандастарымызды елшілікке баруға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927878-kosege-syga-almai-otyrmyz-auganstandagy-etnikalyq-qazaqtardyn-zagdaiy-qalai/