Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Киіз басуды қазіргі жастар білмейді": Павлодарлық оқушылар киізден жасалған дүниелермен елді тәнті етті

Опубликовано:

Оқушылардың киізден жасаған дүниесі
Оқушылардың киізден жасаған дүниесі: жеке мұрағат

Павлодарлық оқушылар қазақтың ұмыт қалған дәстүрлерін, қолөнерін қайта жаңғыртып, киізден жасалған бұйымдарды қолданысқа енгізбекші. Облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат лицейінің 10 сынып оқушылары Гүлназ Айткерей мен Дана Карипенова тырнақалды табыстарын ғылыми жарыстарда сәтті қорғап шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Гүлназ бен Дана кішкентайынан ғылымға қызығады. Олардың бұл талпынысын мектеп мұғалімдері де байқайды. Жетінші сыныпта технология сабағынан киіз басу, сырмақ тоқу туралы мәлімет алған оқушы қыздар кейін бұл саланы қайта жаңғыртып, киізден жасалған дүниелерді күнделікті қолданысқа әкелу керек деген ойға келеді.

Осы орайда, Гүлназ бен Дана көп еңбек атқарып, дайын киізді қайта өңдеуді де ойлап тапты.

«Біздің ақ жаулықты әжелеріміз киізді малдың жүнінен басқан. Тіпті, киіз басу үшін көпшілігі жиналып, жасы үлкендері жолын көрсетіп, жас қыздар мен келіншектер қастарында жүріп, үйренетін болған. Бірақ қазіргі заманда киізге айтарлықтай сұраныс жоқ. Біз осы олқылықты реттеу үшін жобамызды қолға алдық. Киізді өңдеудің жаңа технологиясын ойлап таптық. Ол үшін дайын киізге су құйып, сабын құйып, ысытып, формасын қолға икемді қылып аламыз. Кейін сол дайын материалдан түрлі дүниелер дайындап шығуға болады. Болашақта қолмен жасалатын мұның бәрін техникаға салып жетілдіретініміз анық. Енді сырмақ тоқуды үйрене бастадық. Қазақтың бұл дәстүрі де қазір ұмыт қалды. Ал бұрын қыз-келіншектер киіз басып, сырмақ тоқып, уақытты бірге әрі көңілді өткізетін болған», - дейді Гүлназ.

Бүгінде оқушылар облыстық ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрініп, Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар конкурсында екінші орын иеленген. Ал жетекшілері Гүлнар Сартайқызының айтуынша, қазіргі жастар мұндай ұмыт қалған дүниелерге көп қызыға бермейді.

«Жетінші сыныпта көркемөнер, еңбек пәнінен сабақ бердім. Сол кезде осы екі оқушының ерекше талпынысын байқадым. Киіз басу дегенді қазіргі жастар біле бермейді ғой. Гүлназ бен Дананың осы істі алып кетсек, көпке танытсақ деген жігерлері байқалып тұрды. Оларға бағыт-бағдар беріп отырдым. Өздері әрі қарай дөңгелетіп әкетті. Түрлі байқауларда көпшілікті тәнті етті. Болашақта олардың бұл жобасы сәтті болып, біздің ұлттық дәстүрлеріміз мүлде ұмытылмайтынын сенемін», - дейді Гүлнар Сартайқызы.

Қазақстан халқының ұрпақтар сабақтастығы арқылы мәдениетін, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту. Дәстүрлерді жаңғырту және дамыту проблемасына, ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ жастарды өз халқының мәдениетіне, халық шығармашылығын қайта жаңғырту, оқушылар мен оқытушылардың арасында ұлттық идеялогияны арттыру. "Әр адамда "жетістіктің тарихы" әр түрлі келеді.

Енді Гүлназ Айткерей мен Дана Карипенова киізден дизайнерлік киімдер тігіп, киізден жасалған жылы бас киімдерді дайындамақшы. Бүгінде олар өздерінің жоспарларымен көптеген маманды таң қалдырып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928022-kiiz-basudy-qazirgi-zastar-bilmeidi-pavlodarlyq-oqusylar-kiizden-zasalgan-dunielermen-eldi-tanti-etti/

pixel