Әрбір қазақстандыққа әлеуметтік төлем берілетіні рас па: Еңбек министрлігі жауап берді
Жарияланған күні:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде әлеуметтік төлемге қатысты таралып жатқан ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Белгілі бір сілтеме бойынша өткен Қазақстанның әрбір азаматына 125 000 теңге көлемінде әлеуметтік төлем жүзеге асырылатыны туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
Азаматтарға алаяқтар мұндай хабарламаларды жеке аккаунттар мен банктік шоттарға қол жеткізу үшін қолдануы мүмкін екенін ескертеміз. Ешқашан күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және алаяқтықтың құрбаны болмас үшін жеке мәліметтеріңізді қалдырмаңыз.
Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуды сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын еске саламыз", - дейді ведомство.
Айта кетсек, бұған дейін алаяқтар қарапайым халықты ірі көлемде төлем алып беруге уәде етіп, алдап жатқанын хабарлаған едік.
Бұл жолы алаяқтар азаматтарды төтенше жағдай кезінде мемлекеттен 42500 теңге алғандар ірі сомада төлем алуға үміткер бола алады деп алдауда.
Ол үшін алаяқтар абоненттерден 1414 нөмірінен СМС-хабарлама ретінде келген кодты айтуды сұрайды.
Алайда "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бұл нөмірден әлеуметтік төлемдерді алу үшін қандай да бір хабарлама келетінін жоққа шығарып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928524-arbir-qazaqstandyqqa-aleumettik-tolem-beriletini-ras-pa-enbek-ministrligi-zauap-berdi/