RU

"960 мың теңге береміз": Алаяқтар қарапайым халықты ірі көлемде төлем алып беруге уәде етіп, алдауда

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Бұл жолы қаскөйлер өзін "Nur Otan" партиясының қызметкерлері ретінде таныстырып, 960 000 теңге көлемінде төлем рәсімдеуді ұсынуда деп хабарлайды Stopfake.kz.

Сайттың жазуынша, алаяқтар төтенше жағдай кезінде мемлекеттен 42500 теңге алғандар ірі сомада төлем алуға үміткер бола алады деп азаматтарды алдауда.

Ол үшін алаяқтар абоненттерден 1414 нөмірінен СМС-хабарлама ретінде келген кодты айтуды сұрайды.

Алайда "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бұл нөмірден әлеуметтік төлемдерді алу үшін қандай да бір хабарлама келетінін жоққа шығарып отыр.

"Құрметті пайдаланушылар, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ әлеуметтік төлемдерді алу үшін 1414 нөмірінен хабарлама жіберілмейтінін мәлімдейді. Сонымен қатар, алаяқтарға ешқандай ақпарат бермеуді және 1414-тен келген кодтарды үшінші тұлғаларға хабарламауды сұраймыз", – дейді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.

Сайттың жазуынша, алаяқтардың мұндай әрекеттері әлеуметтік инженерия деп аталады.

Бұл адамның психологиясын ескере отырып, жеке деректерін заңсыз иемдену тәсілі. Мысалы, мұндай тәсілді алаяқтар пайдаланады, олар телефоннан өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, абоненттен ақша салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құпия деректерді айтуды талап етеді.

Мұндай алаяқтықтан қалай қорғану керектігін KZ-cert Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің ресми сайтынан білуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927930-960-myn-tenge-beremiz-alayaqtar-qarapaiym-xalyqty-iri-kolemde-tolem-alyp-beruge-uade-etip-aldauda/