Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауған әйелдеріне назар аударыңыздаршы": Елімізде оқитын ауған студенті БҰҰ-ға жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Ауған әйелі
Ауған әйелі. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандық университетте төртінші жыл оқып жатқан ауған азаматы өз еліндегі жағдай жанына батып жүргенін жеткізді. Ата-анасы мен туыстары үшін алаңдаған шетелдік студент KAZ.NUR.KZ тілшісіне қазіргі сәтте ауған қоғамында қалыптасқан ішкі ахуалдың қандай сипат алғанын айтып берді.

Елінде қалған туыстарына зияны тиіп кетпес үшін сұхбатта шын аты-жөнін жасырын ұстауды жөн көрген студент өзін Әмір деп атауды өтінді.

Әмір Қазақстанда биыл төртінші жыл оқып жатыр. Ата-анасы Ауғанстанның солтүстігінде тұрады.

"Қазір ата-анамның жағдайы жақсы. Оларға тиіскен жоқ (тәліптер - ред.). Бірақ тәліптер көзбояушылық жасап, бүкіл әлемді алдағысы келіп отыр. Олар өздерінің саясаты өзгергенін көрсеткісі келеді. Бірақ шындығында олар сол қалпы. Біз күтеміз. Бізге ақырын күтуге тура келеді. Бір айдан соң көреміз. Олар жаңа билік жасақтайтынын мәлімдеді.

Ата-анаммен хабарласып тұрамын. Бірақ бәрібір олар үшін уайымдаймын. Өйткені билікті лаңкестер басып алды. Мен оларға сенбеймін. Олар ешкімге тиіспейміз деп айтты. Бұрынғы әскерилерге, өз еркімен берілген жауынгерлерге тиіспейміз деді. Бірақ ауған халқы оларға сенбейді. Мен ата-анамды бейбіт елге алдыртқым келеді. Олар тыныш өмір сүрсе екен деймін. Ауғанстан халқы соғыстан шаршады. Бұдан былай біздің елде соғыс болғанын қаламаймыз. 20 жыл бойы шыдадық. Мен барлық адамдардың тыныш, бейбіт өмір сүргенін қалаймын", - дейді Әмір.

Шетелдік студент ауған халқының елінен еріксіз кетіп жатқанын алға тартты.

"Ауғанстанда халық өз елін, жерін тастап кеткісі келмейді. Бірақ ол жақта сұмдық жағдай орын алды. Бұл ойын емес, бұл қалжың емес. Ешкім өмірін тәуекелге қиып, лаңкестерге сенгісі келмейді. Сол үшін көбісінің Ауғанстанда қалғысы жоқ. Біз өз елімізді сүйеміз. Отаның - ол анаң сияқты", - дейді студент.

Әмір елдің экс-президент Ашраф Ганидің әрекетіне де қатысты өз ойын айтты.

"Президентке соңына дейін күрсеу керек еді. Ал ол кетіп қалды. Ешкімге ескертпей. Ол қазір Дубайда. Ауғанстан халқы қазір қайтадан 20-25 жыл бұрынғы өміріне қайта оралғандай сезінеді. Халық қазір Ауғанстанды артта қалған мемлекет ретінде көреді. Оларда тыныштық жоқ. Адамдар қатты уайымдауда. Болашақ үшін. Олар ертең не болатынын білмейді. Барлығы елді тастап кеткісі келеді. Өйткені лаңкестер барлық жерде.

Бұрын Кабулдағы жастар "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) деген ұйымның бар екенін тек еститін. Ауылдарда соғысып жатқанын, адамдарды тонап, жаман әрекеттер жасайтынын еститін. Қазір олар көзбен көріп жүр. Мен өз басым көрген жоқпын. Бірақ достарымның айтуынша, олардың түр келбеті ұсқынсыз. Олар Кабулға кіргенде адамдар қатты қорыққан. Өте қызық киінеді. Олардың қолдарында қару-жарақ. Ауғанстан халқы елді 20 жыл бұрынғы өміріне қайта оралған деп ойлайды", - дейді ол.

Әмір дәл қазір үйінен шыға алмай қалған ауғанстандық қыз-келіншектердің болашағы үшін де алаңдайтынын жеткізді. Ол ауған әйелдері үшін БҰҰ-дан көмек сұрады.

"Мен БҰҰ-дан ауған қыз-келіншектеріне назар аударуын сұраймын. Олар қазір үйден шыға алмай отыр. Тәліптер студент қыздарды университетте оқуын жалғастыра береді деп мәлімдеді. Ал мемлекеттік қызметте істейтін, кеңседе істейтін әйелдерге жұмыс істеуге рұқсат етпеген. Мен БҰҰ-дан көмек сұраймын. Ауған қыздары үшін. Тәліптер оларды қорқытып, олардың өмір сүруіне кедергі келтіруде, қинауда", - деген жанайқайын жеткізді ауған азаматы.

Сондай-ақ, ауғанстандық студент отанындағы таныстарының шетелге босқын ретінде барғысы келмейтінін алға тартады.

"Кеше таныстарым хабарласты. Айтуынша, қолдарында шақыру қағазы бар. Бірақ елшілік оларға виза бермейтінін айтқан. Ал олар басқа елге босқын ретінде барғысы келмейді", - дейді Әмір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928551-augan-aielderine-nazar-audarynyzdarsy-elimizde-oqityn-augan-studenti-buu-ga-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel