"Тілшіні қуып шықты": Ақпарат министрі журналиске күш қолданған әкімдікке қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналисті әкімдік ғимаратынан күштеп шығарып жіберген Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты пікір білдірді. Ол бұл жайтты "еститін мемлекет" қағидаларына қайшы келетін әрекет деп бағалап, кінәлі тарапты жауапқа тартуды талап етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді.
"Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр.
Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек", - деді ақпарат министрі.
Сонымен бірге, Балаева аталған қызметкерлерге қатысты тиісті шаралар қабылдап, жауапқа тартылуын талап етті.
"Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы.
Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет", - деп жазды ол.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде «Хабар 24» арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді әкімдік ғимаратына кіргізбей, күзетшінің сыртқа лақтырып тастағаны туралы видео кеңінен таралып кеткен. Сұхбат алу үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің қабылдауына кіре алмай, күзетшілер тарапынан үлкен қарсылыққа тап болған журналист оқиғаның мән-жайын баяндады.
Ақбөпе Тәңірберген журналистің кәсіби міндетін атқаруына кедергі келтіргені үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің үстінен сотқа арыз қалдырғанын да жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928752-tilsini-quyp-syqty-aqparat-ministri-zurnaliske-kus-qoldangan-akimdikke-qatysty-pikir-bildirdi/