Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күзетші жазалануы мүмкін": Алатау ауданы әкімдігі тілшімен болған жанжалға жауап берді

Жарияланған күні:

Кадр видеодан алынды
Кадр видеодан алынды: instagram.com/akimat_alatau/

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі отандық телеарна журналисі Ақбөпе Тәңірбергенмен болған жанжалға қатысты түсініктеме берді. Әкімдіктің берген ақпаратына сәйкес, жанжалдың туындауына БАҚ өкілдерінің өздері түрткі болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ресми мәлімдеме әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

""Хабар 24" телеарнасының журналисті А.Тәңірбергенмен болған оқиғаға байланысты Алатау ауданының әкімдігі келесіні хабарлайды.

Қолданыстағы карантиндік шектеулерге байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және Ashyk қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист А.Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар.

БАҚ өкілдері күзет қызметі қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжалды жағдайды туындатты", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, әкімдік журналиске күш көрсеткен күзет қызметкерлерінің жауапқа тарту мәселесі қарастылырып жатқанын мәлім етті.

"Алатау ауданының әкімдігі күзет қызметі қызметкерінің әрекетін қолайсыз екенін ресми түрде мәлімдейді. Бұл әрекеттері үшін қызметтік тергеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижелері бойынша оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады.

Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық және өз құзыреті шеңберінде қызығушылық танытқан ақпаратқа қол жеткізуге дайын екенін атап өтеді. Аудан әкімі журналистерге сұхбат беруге дайын", - делінген жазбада.

Сонымен бірге, әкімдік бақылау камераларынан бейнежазба жария етті. Видеодан, журналистердің турникеттің астынан өткенін көруге болады.

Еске салсақ, кеше әлеуметтік желіде «Хабар 24» арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді әкімдік ғимаратына кіргізбей, күзетшінің сыртқа лақтырып тастағаны туралы видео кеңінен таралып кетті. Сұхбат алу үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің қабылдауына кіре алмай, күзетшілер тарапынан үлкен қарсылыққа тап болған журналист оқиғаның мән-жайын баяндады.

Аталған жайтқа ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдіріп, журналистерге қатысты мұндай әрекет жасағандарды жауапқа тартуды талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928768-kuzetsi-zazalanuy-mumkin-alatau-audany-akimdigi-tilsimen-bolgan-zanzalga-zauap-berdi/