Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтанда жұмысшы ішінде қомақты ақша бар сейфті аша алмай, оны 7-қабаттан лақтырып жіберген

Опубликовано:

Сейф
Фото: Нұр-Сұлтан қаласы ПД

Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері 25 жастағы жігітті ұстады. Ол өзі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан пәтерден ішінде ақша бар сейфті ұрлады деп күдіктеліп отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі елорданың полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құқық қорғау органының мәліметінше, пәтер иесі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы шақырған. Бір уақытта жұмыс істеп жүрген жас жігіттің көзі балкондағы сейфке түскен.

Ол алғашында әртүрлі құралдарды қолданып, сейфті сол жерде ашпақ болған. Бұл әрекетінен ештеңе шықпаған соң, сейфті жетінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Жас жігіт қатты соққыдан сейфтің есігі ашылады деп ойласа керек.

Алайда жерге түскен сейфтің ақыры ашылмағанын көріп, жұмысшы оқиға орнынан қашып кеткен.

Куәгерлер болған жайтты полицияға хабарлаған.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, сейфте құжаттар мен 4,5 мың долларға жуық, яғни шамамен 1,9 миллион теңге болған.

Қазір күдікті ұсталған және оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, құзыры орган күдіктінің осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Одан бөлек, күдіктінің бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болып отыр.

Сейф
Фото: Нұр-Сұлтан қаласы ПД

Еске сала кетейік, осыған дейін Сарыағаш тұрғыны бірнеше миллион теңгесі мен алтын салынған сейфінен айырылып қалғанын айтып, полицияға арызданған еді.

Полицияның дерегінше, күдікті ретінде ағайынды жігіттер ұсталған. Ал сейфтің иесіне келген шығын көлемі 10 млн теңгеге жуық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928870-nur-sultanda-zumyssy-isinde-qomaqty-aqsa-bar-seifti-asa-almai-ony-7-qabattan-laqtyryp-zibergen/

pixel