Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абайдың өлеңдерін қатты ұнаттым": Қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзбек қызының талантына ел тәнті болды

Опубликовано:

Севинч Аманова
Севинч Аманова: жеке мұрағат

Шымкенттік Севинч Аманова қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, қатарластары мен ұстаздарының батасын алып жүрген оқушы. Биыл 11 сыныпқа көшетін Севинч Абай мен Мағжан өлеңдерін ерекше жақсы көреді. Қазақ тіліне деген құрметі бөлек екенін айтқан ол KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Мен Шымкент қаласындағы Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT мектебінің оқушысымын. Биыл 11 сыныпқа көштім. Ұлтым – өзбек. Қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, бар уақытымды білімге арнаудамын. Орыс мектебінде оқысам да, қазақ тілінде таза сөйлеймін. Тілді үйренуіме айналамдағы адамдар, достарым, ұстаздарым әсер етті. Осы орайда, мұғалімдер мен достарыма қазақ халқының тілін, дәстүрін үйретуге көмектескені үшін алғысымды айтамын. Кейін қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақ ақындарының өлеңін оқуға ынтам ашылды. Өлеңдерді жатқа оқу үшін ұстаздарымның да сіңірген еңбегі зор», - дейді Севинч.

Оқушыға ең алдымен Абай өлеңдері ерекше әсер еткен.

«Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне ғашық болып қалдым десем де болады. Оныншы сыныптан бастап өлең оқуға ынталандым. Абайдың бірнеше өлеңін жаттаған соң, Мағжан Жұмабаев шығармашылығымен таныса бастадым. Қазір ҰБТ-ға дайындықты бірінші орынға қойғандықтан, көп уақытым дайындыққа кетеді. Алдағы уақытта өзге де қазақ ақындарымен, қазіргі замандағы ақын-жазушылар туындыларымен танысатыным анық», - дейді ол.

Севинч Аманова шет тілдері факультетіне түсу үшін құжат дайындауда. Ол қазақ, орыс, өзбек, ағылшын тілдерінде сөйлей алады.

«Меніңше, тіл білген адамның көкжиегі кең, мүмкіндігі мол болады. Бүгінде ағылшын тілін жетілдіру үшін дайындалып жатырмын. Бірнеше тілді меңгеруді армандаймын. Ал қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан барша адам қазақша білуі керек деп есептеймін. Жалпы, қазақ және өзбек халықтарының тілінде де, дәстүрінде ұқсастық бар. Мысалы, беташар дәстүрі екі халыққа да ортақ. Осындай құндылықтарымызды сақтап, болашақ ұрпаққа аманттап отыруымыз қажет. Ең бастысы біз білімді болуымыз керек», - дейді Севинч.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929031-abaidyn-olenderin-qatty-unattym-qazaq-tilinde-erkin-soileitin-ozbek-qyzynyn-talantyna-el-tanti-boldy/

pixel