Ильин: Жамбыл облысындағы оқиға эпицентрінде қауіп толық сейілмеді, қайта жарылыс болуы мүмкін
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 26 тамызда Қорғаныс министрлігінің қоймасында болған жарылыстың салдарын жоюға қатысты ақпаратпен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ильиннің сөзіне сенсек, бүгінде екі қоймада бықсып жатқан ошақтар бар.
"Кеше Қорғаныс министрлігімен бірге жиналыс өткіздік. Қорғаныс министрлігінің саперлері мен өрт сөндіру қызметі ошақтарда жұмыс істеп жатыр. Жарылмай қалған бірқатар оқ-дәрілер бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері ошақтарды өшіру үшін су тасып, эвакуацияланған тұрғындарды үйлеріне қайтарумен айналысуда", - дейді министр.
Ол жарылыстан зардап шеккен ауылдарда мүлікке келген залады бағалайтын комиссия жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Жақын күндері қираған мүлікті қалпына келтіру жұмыстары басталмақ.
"Қауіп толық сейілмегенін ескерсек, оқиғаның эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін. Жүк пойызының қозғалысы осы уақытқа дейін шектелмеді, ал жолаушылар тасымалына қатысты мәселе менің ойымша бүгінгі күннің нәтижелеріне қарай шешілетін болады. Мұның бәрі жағдайға байланысты, себебі қирандыларды аршып, тазарту үшін біраз уақыт керек, көп шығын кетеді.
Сәйкесінше оқ-дәрімен жұмыс істеп жатқан саперлердің қауіпті жұмыс кезінде жарақат алмауы және қайғылы жағдайға душар болмауы маңызды. Аймақты толықтай қауіпсіздендіруге және төтенше жағдайдың қайталану қаупін жоюға шамамен 2-3 күн қажет", - дейді Ильин.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.
Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған.
Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929439-yurii-ilin-zambyl-oblysyndagy-oqiga-epicentrinde-qaita-zarylys-boluy-mumkin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.