Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Неге бізді кіргізбейді": Жамбылдағы жарылыста жоғалған Әділеттің ата-анасы жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Әділет
Кадр: "Студия 7"

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан кейін хабар-ошарсыз кеткен өрт сөндіруші Әділет Әділбектің ата-анасы мен жақындары "Студия 7" жобасына берген сұхбатында жанайқайын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Алпыстағы адаммен де тіл табысатын, алты жасар баламен де дос болатын", - деп Әділетті есіне алды әкесі Қанатбек Бұзаубақов.

Өрт сөндіруші Әділет Әділбек оқиға орнына алғашқылардың бірі болып кеткеннен бері хабар-ошарсыз. Ата-анасы оны өздері іздегісі келетінін айтады.

"Біреудің тек қана аяғын көрсетеді, бірінің бет-жүзі жоқ, бөлшектеліп қалғандары бар. Барлық мәйітханаларда болып шықтық. Біздің Әділеттің оң жақ құлағында меңі бар. Ішінде тыртығы бар. Оны кезінде ит тістеп алған.

Бізге ешкім қоңырау шалмайды. Біз қоңырау шалсақ, жауап бермейді. Кеше штабқа бардық, министр келді, басшылық солармен бірге деді. Бір адамды болса да кіргізсе болар еді. Мұндай жарақаттармен адамды тану мүмкін емес. Бірақ біз тани алатын едік. Бізді кіргізуін сұрасақ, бәрін қоршап, жауып тастаған", - дейді Әділеттің ата-анасы.

Психолог Назира Ақылова болса, жағдайдың өте қиын екенін алға тартып отыр.

"Өте қиын жағдай, басқа не дей аламыз, мықты болыңыздар, сіздерде тым құрығанда үміт бар, ал өзгелерде ол да қалмады. Бізге ата-аналарына балаларының қазасы туралы хабар жеткізу оңай емес", - дейді психолог Назира Ақылова.

Әділеттің әкесі оқиға орнына баласын іздеуге бүкіл ауыл барғанын есіне алды.

"Бүкіл ауыл болып бардық. Қолмен болса да қазып, тапқымыз келді. Бізді неге кіргізбейді? Іздеуге неге мүмкіндік бермейді? Ол жақта бір жан жоқ. Бәрі тауда отыр. Біздің Әділетті іздеп жақтан ешкім жоқ", - деп күйінді Қанатбек Бұзаубақов.

"Келген сайын қандай хабар әкелді екен деп қорқамыз. Арамызда байланыс болуы қажет қой. Неге мұнда тым құрығанда бір психолог келіп, ата-анасына көмектеспеді", - дейді жоғалған азаматтың жақыны Жанна Парымбекова.

"Шыны керек, мәйіттерді қарағанда, бірінен Әділетті тани алмадым. Тыртықтары мен меңдерінен туыстары танымаса, ешкім де тани алмайды", - дейді №4 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асқад Қабырбаев.

"Студия 7" мәліметі бойынша Әділетті іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда, десе де кей БАҚ өкілдері мен блогерлер оны қаза тапқандардың қатарына қосып қойған. Жақындары осы орайда ресми мәлімет болмайынша, Әділетке қатысты расталмаған ақпарат бермеуді сұрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929596-nege-bizdi-kirgizbeidi-zambyldagy-zarylysta-zogalgan-adilettin-ata-anasy-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel