Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әскери сарапшы: Жамбыл облысындағы қоймада Арыстағыдай күшті қару-жарақ болмаған

Жарияланған күні:

Ермек Сейітбатталов
Ермек Сейітбатталов. Видеодан кадр: baq.kz

"Желмая" жобасына сұқбат берген запастағы полковник, ардагер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында болған жарылысқа қатысты өз ойын ортаға салды деп жазады BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінде ұзақ жыл қызмет еткен, әуе күштерінде штаб басқарған әскери сарапшы бейбіт күндегі болған трагедияны алғаш естігенде қандай күйде болғанын жеткізді.

"Ойыма сан алуан ойлар келді. Арыстағы оқиғадан қорытынды шықпағанына қынжылдым. Арыстағы қайғылы жағдайдың жалғасы болғаны ма деп ренішпен қабылдадым", - дейді запастағы полковник.

Оның сөзінше, алайда оқиғаны Арыстағы жағдаймен салыстыруға келмейді.

"Басқа елдерден шыққан қару-жарақтар Арысқа жеткізілгендіктен оның деңгейі өте жоғары, онда Кеңес Одағы кезіндегі ескі қарулар еді. Ал Жамбылда инженерлік-саперлік батальонның өздеріне даярлаған керекті құралдары ғана. Мұның деңгейі Арыспен салыстырғанда төмен. Әскери пиротехника жоқ, тек мина ғана бар. Бұл өз ойым", - дейді Ермек Сейітбатталов.

Сондай-ақ, запастағы полковник 18 жыл бойы қызметте болған кезеңде мұндай жағдайды кездестірмегенін айтты.

"Кеңес заманында мұндай жағдайлар болса да, БАҚ-да жарияланбайтын. Жабық телеграммалар келетін. Ал елімізде мұндай жайттардың орын алуына салғырттық, көзбояушылық секілді бірнеше себептер болуы мүмкін. Егер ұрлау, жымқыру әрекеттері болып, оны осындай өртпен жабамыз десе, сұмдық нәрсе. Қаншама адамның өмірін жалмап кетті", - дейді әскери сарапшы.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929698-askeri-sarapsy-zambyl-oblysyndagy-qoimada-arystagydai-kusti-qaru-zaraq-bolmagan/