Байзақ ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылуда
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданында "жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау" туралы шешімінің жобасын "Ашық НҚА" сайтында жария етіп, онлайн талқылауға шығарды.
"Жамбыл облысының Байзақ ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын.
Төтенше жағдайды жою басшысы болып облыс әкімінің орынбасары Т.Мамаев тағайындалсын және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын", - деп жазған Сапарбаев жоба мәтінінде.
Ол құжатта шешімнің орындалуын бақылауды өзіне қалдыратынын және шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетінін атап өткен.
Айта кетсек, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тұрғындарына көмек ретінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, сондай-ақ көмек көрсетуге демеушілер де тартылатынын мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.
Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.
Бұл жайттан кейін сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін, алайда соңғы шешімді президент қабылдайтынын айтқан еді.
31 тамыз күні мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі өтінішін қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929727-baizaq-audanynda-texnogendik-sipattagy-totense-zagdai-zariyalau-maselesi-qarastyryluda/