RU

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрін отставкаға жіберді

Нұрлан Ермекбаев
Нұрлан Ермекбаев. Фото: ОКҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкаға кету жөнінде өтінішін қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады",- деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз Facebook парақшасында.

Естеріңізге салайық, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болған еді.

Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Сол арада Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы оқиға эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін екенін ескертті.

Күні кеше жарылыстан қаза тапқан он бесінші адамның мәйіті табылды. ТЖМ қызметкерінің туыстары оның денесін таныды.

Хабарсыз кеткен тағы бір адамды іздеу жұмыстары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929640-toqaev-qorganys-ministrin-otstavkaga-ziberdi/