RU

"Махаббаттарына берік болғаны үшін": Алты балалы отбасыға кәсіпкер қос қабатты зәулім үй сыйлады

Баспаналы болған отбасы
Баспаналы болған отбасы. Кадр: YouTube/ Уақыт көрсетеді

Белгілі кәсіпкер Көңілбай Шүкенов тағы бір қазақ отбасына баспана сыйлады. Қызылордалық көпбалалы ана Лаура Тасқожаева мен оның жолдасы Нұрғали Амановқа қайырымды азамат қос қабатты зәулім үй сыйға тартты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл сүйінші жаңалықты өзінің YouTube платформадағы "Уақыт көрсетеді" жобасында журналист Нұрсейіт Жылқышыбай жеткізді.

Ол отбасына баспана кілтін табыстау сәтін елге көрсетіп, арнайы сюжет түсірді.

Алты балалы отбасыға баспана сыйлап, қуантқан кәсіпкер Көңілбай Шукенов мұндай игі іс жасау - оның бала күнгі арманы болғанын айтады.

Арманын орындау үшін ол біраз тер төккен. Айтуынша, қазақ санын көбейтіп жатқан, тағдыр тезіне сынбаған мұндай отбасыларды дәріптеудің артында тұтас бір идеология жатыр.

"Қазақ санын көбейтіп жатқан бақытты отбасылар осындай үйде тұруы керек. Мұндай үй алу үшін міндетті түрде ажырасып немесе мүгедек болып қалудың қажеті жоқ. Бақытты отбасыларға үй береміз. Оны біз істемесек кім істейді?! Біздің жобамыздың түпкі мақсаты да осы. Қазақ еліне бақытты отбасының үлгісін неге дәріптемеске? Неге осындай отбасыларды басымызға көтеріп, құрметтемеске?! Міне, осы сұрақтар көкейімде бұрыннан бері тұратын. 2014 жылы осы сұрағымның шешімін таптым.

"Асыл адам" қоры аясында "Бақытты отбасы" жобасын іске асыра бастадық. Осындай ажыраспаған, қиындықтарға қарамастан, махаббаттарына берік шаңырағын сақтап отырған бақытты көпбалалы отбасыларға көмек қолын созып, үй береміз деп шештік. Осындай үйлердің бәрін соларға береміз. Олар осындай үйде тұруға тиіс. Біз сияқты бай мемлекетте кедей өмір сүруге болмайды. Біздің идеологиямыз - "Алтын таудың үстінде отырып, аш қалмайық" деген ұран.

Халық осыны армандайды. Бірақ армандарымызды сындырып тастағанбыз. Он бірінші сыныпты бітіргенде тау қопаруға дайын тұрамыз, бірақ ойымыздағы орындалмай қалса, тауымыз шағылып қалады. Сондай жігіттерге айтарым, армандаңдар! Алла ниетке қарай береді", - дейді кәсіпкер.

Аяқ астынан үйлі болып қалған шаңырақтың анасы Лаура Тасқожаева болса, мұндай мәрттікті ешкімнен күтпегендігін атап өтті. Олар осы уақытқа дейін біреудің есік алдындағы үйді жалдап, алты баласымен бірге паналап келген.

"Мұндайды күтпедім. Түні бойы ұйықтамай шықтық. Өзімнің ас үйім болса деп армандайтын едім", - деп көзіне жас алды ана.

Айта кету керек, баспананың ауданы мансардымен қосқанда 180 шаршы метрге тең. Жалпы құны - 25 миллион теңге. Кәсіпкер оның ішін толық еуро үлгідегі жөндеуден өткізіп, жиһазбен және техникамен жабдықтаған. Одан бөлек, ыдыс-аяқ, төсек жабдықтары, перде секілді қажетті дүниелермен толтырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930625-maxabbattaryna-berik-bolgany-usin-alty-balaly-otbasyga-kasipker-qos-qabatty-zaulim-ui-syilady/