Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауғанстаннан келген этникалық қазақ: Тәліптерден қорғану үшін 14 жасымда тұрмысқа шықтым

Жарияланған күні:

Хабиба
Хабиба. Фото: RFE/ RL / Nurtay Lakhanuly

1996-2001 жылдары Ауғанстанды тәліптер билеп-төстеген уақытта талай нәубетті басынан өткерген этникалық қазақ әйелдері бүгінде Қазақстанда тұрып жатыр. Солардың бірі Хабиба Ибрагим. Ол тәліптер режимінің қорқынышты тұстарын еске алды деп хабарлайды "Азаттық Радиосы".

Этникалық қазақ Хабиба Ибрагимнің балалық шағы Ауғанстанда тәліптер билік құрған кезеңде өткен.

Бүгінде жасы отызға келген төрт баланың анасы Ауғанстанда қайтадан тәліптер билікке келгенін жақында ғана біліп отыр.

Хабиба отбасымен бірге алты жыл бұрын Ауғанстанның Құндыз қаласынан Алматы облысы Қарасай ауданына көшіп келген.

"Тәліптер билікке келгенде бес жаста едім. Үйден шықпайтынбыз. Балалық шағым болған емес. "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - ред.) 2001 жылы биліктен кетсе де, елдегі өмірге әсер етуін жалғастыра берді. Тәліптерден қорғау үшін әкем мені 14 жасымда амалсыз тұрмысқа берді. Егер қыздар ерте тұрмыс құрмаса, оларды тәліптер алып кетіп отырды. Біз ол жерде Қазақстандағыдай емін-еркін жүре алмайтынбыз. Паранжа киетінбіз. Ер адам қасымызда болмаса, тіпті дүкенге шыға алмайтынбыз. Күн сайын атыс. Соғыс жағдайында есейдік", - дейді ол.

Бүгінде Хабиба да, күйеуі де білім алып, сауатын ашпаған. Айтуынша, тәліптер әйелдер түгілі ерлерге де оқуға мүмкіндік бермейді.

"Ата-анам кедей болатын. Таршылық көріп өстік. Білім алмадық. Қазір балаларымыз білім алып жүрген мектепке бізді шақырып қол қоюды сұрайды, алайда біз қалай қол қою керектігін де білмейміз. Кейде мұғалімдер балаларымыздың сабағына бас-көз болмағанымыз үшін ұрысады. Өзіміз білімсіз болсақ, қалай бас-көз боламыз", - дейді Хабиба.

Хабиба кезінде биліктен жасырынып, оқу-жазуды үйренбегеніне өкінетінін жасырмады. Сөзіне сенсек, Ауғанстанда әйелдерге білім алмақ түгілі медициналық көмек алуға мүмкіндік жоқ. Көбі үйінде босанады.

"Ауғанстанда әлі күнге дейін әйелдерді еркінен тыс тұрмысқа береді. Аяғы ауыр әйелдер үйінде босанады. Дәрігерлерге қарала алмайды. Төрт баламды да үйде босандым. Енем кіндігін кесті. Тәліптерден жасырынып, ауруханаға сирек бас сұғатынбыз. Оларға көрінсек, сұрақтың астына алады. Отағасы тамаққа ақша тапса, ауқаттанамыз, таппаса, аш отыратынбыз", - деп есіне алды Хабиба.

Бүгінде Хабиба Қаскелеңдегі тігін цехтарының бірінде аспаз болып жұмыс істейді. Айлығы 25-40 мың теңге. Бесінші баласына жүкті әйел осы күніне де шүкір дейді.

"Ауғанстанда өмір сүрсем, маған бұл да жоқ еді. Ауғанстанда әйелдерің еш қадірі жоқ. Олар әйелге тек бала табушы ретінде қарайды", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931728-auganstannan-kelgen-etnikalyq-qazaq-talipterden-qorganu-usin-14-zasymda-turmysqa-syqtym/