"Құлдықта болуы мүмкін": Алматы облысында екі жылдан бері табылмай жатқан азаматқа туыстары іздеу салды
Жарияланған күні:
Алматы облысында екі жылдан бері табылмай жатқан Айдар Толқыновтың туыстары көмек сұрап, Алматы телеарнасына жүгінген. Олардың сөзінше, бауырын әлдекімдер құлдықта ұстап отыруы мүмкін.
Толқыновтар отбасының Заречный кентінде шаруа қожалығы бар. Айдар сол жерде әкесі және інісімен бірге мал баққан.
Құжат бойынша есімі Айдар болғанымен, туған-туыстары оны Қуаныш деп атайды екен. Кезінде үйленіп, жұбайымен дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен. Балалары жоқ. Сондықтан қысы-жазы шаруа қожалығында немесе Қапшағай тұсындағы саяжайларында жүретін болған.
Жоғалған күні саяжайға кетіп, содан бері ер адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Жоғалған күні Айдардың қолында не құжаты, не ұялы телефоны болмапты.
Айдардың әпкесі Қарлығаш Толқынованың айтуынша, жоғалатын күні Айдар Айдын есімді ер адаммен кездескен.
Ол Айдардың 70-ке таяған анасына телефон шалып, суретін жіберіп, шаруа қожалықтарының бірінен алып кетіңдер деп айтқан көрінеді. Алайда, айтылған жерге барған туыстары екеуін де таппаған.
"Дидар деген балам барды ол жерге. Сол жаққа барыңдар, алып кет деп жатыр дедім. Барса сол жерде өзбектер жүр екен. Сұраса оның кетіп қалғанын айтыпты. Баламның ойында ешнәрсе болмаған, сол жерді дұрыстап қараса мүмкін біреу ұстап отырды ма, кім біледі, ол да жоқ деп кетіп қалыпты. Содан осы уақытқа дейін жоқ", – дейді Айдардың анасы Манет Сүндетова.
Ер адамға іздеу салынып, Іле аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс те қозғалған. Іздеу шаралары әлі күнге дейін жалғасып жатыр екен.
"2019 жылдың 30 қараша Іле аудандық полиция басқармасына 36 жастағы Талғар ауданының тұрғыны өзінің ағасы 2019 жылдың 9 қазан күні Жетіген ауылының маңындағы шаруа қожалығынан шығып, сол күйі оралмағаны туралы арыз түскен.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жоғалған азаматты іздеу туралы бағдар барлық полиция бөлімдеріне таратылып, қазіргі таңда іздеу жұмыстары жалғасуда", – дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әбілтай Әбенов.
44 жастағы Айдар Толқыновты көрген-білгендер болса туыстарына +7 708 203 61 67 немесе полицияға 102 нөмірі бойынша хабарласа алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932151-quldyqta-boluy-mumkin-almaty-oblysynda-44-zastagy-azamatqa-tuystary-izdeu-saldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.