Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сататын ештеңем қалмады": 18 жастағы ұлының өмірі үшін күресіп жатқан ана жанайқайын айтты (фото)

Опубликовано:

Әлішер Жақсылықтың ауырғанға дейінгі және ауырғаннан кейінгі келбеті
Әлішер Жақсылықтың ауырғанға дейінгі және ауырғаннан кейінгі келбеті/Фото: жеке мұрағаттан

Талдықорғандық Әлішер Жақсылық төрт айдан бері Түркия ауруханасының төсегіне таңылды. Осыдан екі жыл бұрын ақ қан ауруын жеңіп шыққан жігіт қатерлі дерттің қармағына қайтадан түскен. Әлішерге алдымен лейкоз диагонозы қойылған. Бірақ беті бері қараған ауру араға уақыт салып, 18 жастағы жігітке қайта жабысқан. Бүгінде анасы жалғыз ұлын құтқару үшін жанұшыра көмек сұрауда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әлішер тоғызыншы сыныпты аяқтап жатқанда аты жаман ауруға шалдыққанын естідік. Әлі есімде, оқу жылының бітуіне үш күн қалған еді. Сол күні ауруханаға түстік. Дәрігерлер 15 жастағы ұлыма күрделі лимфообласты лейкоз диагнозын қойды. Үш рет химиотерапия алдық, радиотерапия алдық. Сүйек кемігінен рак жасушыларын әрең дегенде жойдық.

Осылайша, Әлішер 10-11 сыныпты үйден оқыды. Онлайн түрде білім алып, Талдықорғандағы колледждердің біріне бағдарламашы мамандығына түсті. Жаман аурумен жылдап күресіп, жеңгеніміз үшін қуанып жүргенмін. Бірақ диплом алар кезде ауру қайта қоза бастады", - дейді Әлішердің анасы Гүлнар Жомартбаева.

Ақ қан ауруы қайта қозған соң рак жасушалары Әлішердің басқа органдарына шаба бастаған. Бүгінде оған жұмыртқаның қатерлі ісігі диагнозы қойылған.

"Лейкоз қайтадан қылаң беріп, ауру баламның басқа дене мүшесіне өткен. Нақтылап айтар болсам, қазір дәрігерлер Әлішерге жұмыртқаның қатерлі ісігі диагнозын қойды. Дәрігерлер бізге жылт еткен үміт сәулесін сыйлап отыр. Жұмыртқадағы рак жасушаларын алып тастауға болады. Бірақ ол үшін үш рет химиотерапия және радиотерапия алуы қажет. Осының бәрі үшін ақша таба алмай, қиналудамыз. Қаражатты қайдан аларымды білмеймін. Мұндай ауруды ешкімнің басына бермесін.

Ұлым медицина саласында білім алуды армандайды. Бірақ дерт аяғын бастырмай, жалындаған жастығын аурумен күресіп өткізіп жатыр. Бұл да бізге берілген сынақ деп білемін. Ұлымның сауығып кетуіне көмектесіңіздерші... Уақыт бізге қарсы жүріп жатыр. Қазір сүйек кемігі таза, осы жұмыртқадағы ракты алып тастау керек. Қазір біз түркиялық ауруханаға қарызбыз. Химиотерапияның ақшасын төлей алмай жатырмыз. Егер оны төлемесек, алдағы ота жасалмайды, химиотерапия мен радиотерапия да жайына қалады", - деп Әлішердің анасы жанайқайын жеткізді.

Бүгінде Әлішердің ата-анасы екі қыздан кейінгі жалғыз ұлын құтқару үшін бар дүние-мүлкін, пәтерін сатып жіберген. Қазір сататын ешнәрсе қалмаған. Ұлын аман алып қалу үшін 107 мың доллар жинау қарапайым қазақ отбасына өте қиынға соғуда.

18 жастағы талдықорғандық Әлішер Жақсылықтың отбасына көмектесем деушілер үшін реквизит төмендегідей:

Kaspi Gold: 8 705 366 81 10, Жомартбаева Гүлнар Тоқтарқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932486-satatyn-estenem-qalmady-18-zastagy-ulynyn-omiri-usin-kuresip-zatqan-ana-zanaiqaiyn-aitty-foto/

pixel