RU

Нью-Йорк полициясында қызмет ететін тағы бір қазақ азаматы жайлы не білеміз

Данияр Нұртаза
Данияр Нұртаза. Фото: Жеке мұрағаттан/Түркістан газеті

Нью-Йорк поли­ция­сында ел арасында танылып үлгерген Димаш Ниязовтан бөлек тағы бір қазақ азаматы жұмыс істейді. Ол - алматылық Данияр Нұртаза. Данияр бүгінде Нью-Йорк қалалық полиция депар­та­ментінің офицері. Ер адам Түркістан басылымына берген сұқбатында алып мемлекетте қарапайым жұмысшыдан полиция қызметкеріне дейін қалай өскенін айтып берді.

Даниярдың сөзінше, ол АҚШ-та тұруды армандамаған. Бұл елге тек інісі үшін барған екен.

"2002 жылы мектеп бі­тірген інім Колумбия университетінде оқы­ғысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олим­пиадаларға қатысып, жүлделі орын­дар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бе­тінен қақпай, керісінше қолдау біл­ді­рейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым. Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын.

Сөйтіп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім. Бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істедім. Қолым қалт еткен уақытта ағылшын тілін үйрететін оқу­лық­тар арқылы тіл үйреніп, ойымды еркін жет­кізетін, өзгелердің айтқанын қалтқы­сыз түсінетін болдым.

Сосын автокөлікті тұ­раққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейін­нен даяшылар жақсы жалақы ала­тынын естіп, "Баку" мейрамханасына жұ­мысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым.

Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиент­терге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәр­сені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім", - деп әңгімесін бастады Данияр.

Данияр Қазақстанға көлік әкелу ісімен де айналысқан. Бұл кішігірім биз­несі бірте-бірте ұлғайып, үлкен кәсіпке де ай­налған. Алайда Қа­зақстан Кеден одағына кіргеннен кейін бұл бизнесті біржола тоқтатқан.

"Бұл қанша жерден табысы мол кәсіп болса да, заңды түрде жұмыс іс­теуіме мүмкіндік беретін әрі жаныма жа­қын қызметпен айналысқым келді", - дейді ол.

Сөйтіп алматылық азамат бала күнгі арманын орындау үшін яғни полиция қызметкері болу үшін бұл істі шындап қолға алады.

"Кәсіпкерліктен қол үзген соң, сол арманды мақсатқа айнал­дыратын кез келгенін түсініп, поли­ция академиясында оқуға түсуге бел бу­дым. "Академияға оқуға түсу" деп айта салу оңай, негізінен сол академияға қабылдану үшін өте күрделі байқаудан өтуің қажет. Онда бір орынға 15 адам таласады. Ал­ды­мен есте сақтау, байқампаздық қабілетін тек­серетін тестілеуден өтіп, соңында пси­хо­логиялық тест тапсырдым. Емтиханнан жо­ғары балл алған соң, физикалық емти­хан­нан өттім. Біраз салмақтан сол кезде арылдым (күліп).

Негізі, үміткерлердің ба­сым көпшілігі психологиялық және фи­зи­калық тестілеуден өте алмай қиналып, ақырында оқудан шығып тынды. Негізі, біз, қазақтар жан аямай күресе білген жауын­гер, жылқы мінездес халықпыз ғой. Сол мінез, сол дала өмірінің дағдысы қиын тап­сырмаларды орындап, қауіпті сынақ­тардан өтіп, түрлі қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді.

Сол себепті полиция қыз­меткерлері қатарына қосылу үшін барым­ды салып, тырысып бақтым. Жалпы айт­қан­да, полиция департаментіне жұмысқа тұру үшін 4 жыл уақытым кетті", - дейді Данияр.

Данияр Нұртаза
Данияр Нұртаза әріптестерімен. Фото: Жеке мұрағаттан/Түркістан газеті

Бүгінде Даниярдың Нью-Йорк қалалық полиция депар­та­ментінде қызмет етіп жүргеніне жеті жыл болған. Жұмыс бабында ол Нью-Йорктегі метрода толғағы қысқан әйелді босандырып алуға да көмектескен.

Одан бөлек, Данияр өзі секілді Нью-Йорк полициясында жұмыс істейтін тағы бір қазақ Димаш Ниязовпен үнемі байланыста екенін айтады.

"Димашпен жұмыс барысында бірнеше рет кездескенбіз. Одан бөлек, оның шаршы алаңда өткізген барлық кездесуіне барып, жанкүйер боламын. Ара-тұра осында өтетін іс-шараларда да кездесіп қаламыз, үнемі байланыстамыз. Мен секілді Нью-Йорк полициясында қызмет ететіндіктен, әрі ұлтымыз қазақ болғандықтан екеуімізге ортақ дүние көп екені айтпаса да түсінікті.

Жалпы, мен осындағы Қазақстан елшілігі немесе қазақтар ұйымдастыратын іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Америкаға келіп, өзгеріп кеткен түгім жоқ. Елден жырақ жүрсем де, кіндік қаным тамған жермен байланысым үзілген жоқ, үзілмейді де", - дейді Данияр Нұртаза.

Әңгімелескен Әлия Тілеужанқызы. Мақаланың толық нұсқасын Түркістан газетінің сайтынан мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932719-zumysqa-turu-usin-4-zyl-uaqytym-ketti-nyu-iork-policiyasynda-qyzmet-etetin-tagy-bir-qazaq-azamaty-zaily-ne-bilemiz/