RU

"Үйден шықпайтын": Пермьде оқ жаудырған жігіттің ата-анасы ұлы туралы айтты

Тимур
Фото: Әлеуметтік желіден

Пермь мемлекеттік университетінде оқ жаудырған Тимур Бекмансуровтың ата-анасы ұлы туралы айтып берді.

Тимурдың ата-анасы ажырасқан. Әкесі Самарада тұрады, ал жас жігіттің өзі анасымен Пермьде тұрып келген.

"Мен әлі де есеңгіреп тұрмын, өз-өзіме келе алмаудамын. Ол қалайша мұны істеді? Алдымен анам маған қоңырау шалып, болған жайтты айтты. Мен аң-таң болып, бұрынғы әйеліме (оқ атқан жігіттің анасы - ред.) қоңырау шалдым, сол сәтте полицейлер одан жауап алып жатыр екен. Ол да есеңгіреген күйде ештеңе айта алмады", - дейді Марат Бекмансуров RT телеарнасына берген сұхбатында.

Ер адам ұлының әдетте немен айналысатынынан бейхабар екенін алға тартты. Ол тек қана Тимурдың "компьютерге әуес екенін" білетінін айтуда.

"Онымен қанша сөйлессем де, тек компьютерге қызығушылық танытатынын байқадым. "Неге сыртқа бір уақыт шығып, серуендемейсің" деп сұрасам, "Серуендегім келмейді, компьютерде отырамын" деп жауап қататын", - дейді ер адам.

Тимурдың анасы болса, ұлының ешкіммен жанжалдасып көрмеген, үйден шықпайтын адам екендігін айтып отыр. Ол ұлын соңғы рет таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан кезде көрген - Тимур дәл сол уақытта сабаққа бара жатқан екен.

"Ешқандай жанжал болған жоқ, баламызбен жақсы қарым-қатынаста болдық. Жалпы алғанда, ешқандай жанжал болған емес", - дейді әйел Ural Mash Telegram каналына берген сұхбатында.

Әйелдің айтуынша, әкесі баласымен тұрмаса да, оған үнемі хабарласып тұратын.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Пермь мемлекеттік университетінде атыс болғанын хабарлаған едік.

Атыс кезінде кейбір студенттер ғимараттағы терезе арқылы сыртқа шығып үлгерсе, енді бірі аудиторияларға тығылған. Атыс кезінде травматикалық қару қолданылған. Оқиға куәгерлері қолына қару алып ғимаратқа қарай бет алған ер адамды видеоға түсіріп алған.

Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, атыстан 8 адам қаза тауып, 24 адам жараланған.

Кейінірек желіде оқ жаудырды деп күдікке ілінген азаматтың суреті тарады. Кейін оның жансақтау бөлімінде екендігі хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933027-uiden-syqpaityn-permde-oq-zaudyrgan-zigittin-ata-anasy-uly-turaly-aitty/