Түркістан облысында ауыл тұрғындары әкімге арықтың суын ішкізді
Жарияланған күні:
Түркістан облысында ауыл тұрғындары әкімге арықтың суын ішкізді. Осылайша, олар елді мекен басшысын ауыз су мәселесін тезірек шешуге шақырды деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алпамыс батыр ауылының тұрғындары арықтан су ішуге мәжбүр.
Телеарна дерегінше, арық – аймақтағы жалғыз су көзі, су Өзбекстаннан ағып келеді.
Ал су тасымалдаушылар әкелген суды сатып алуға әркімнің шамасы жетпейді.
"Бұл арықта құстың, иттің, малдың да өлексесі жатады. Қоқыс та үйіліп жатады. Енді қанша микроб барын елестетіп көріңізші. Біз осы арықтан су ішуге мәжбүрміз. Таза су ішпеудің салдарынан, ауылдағы балалардың барлығында ішек паразиттері бар!", - деді елді мекен тұрғыны Мөлдір Сатыбай.
Тұрғындар күнделікті қандай "тіршілік көзін" тұтынып жүргенін көрсету үшін ауыл басшысы Ерлан Әділхановқа бір шелек су алып барған. Әкім жергілікті халық алып келген суды жиіркенбей ішкен. Ол өзі де тұрғындар секілді осы арықтан күн сайын су ішуге мәжбүр екенін жеткізген.
Сөз барысында Ерлан Әділханов бұл мәселе жақын арада шешілетінін және жыл соңына дейін үйлерге таза су жеткізілетінін алға тартты.
Оның сөзінше, ауыз су мәселесін шешуге 893 миллион теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл қаржыға олар ұңғыманы бұрғылап, 25 шақырым құбыр салады.
Алайда Алпамыс батыр ауылының тұрғындары бұған сенбейтіндерін жасрыған жоқ. Олар осыдан 11 жыл бұрын билік бұл жерден су таба алмады деп отыр. Сол уақытта, жергілікті тұрғындардың сөзінше, 100 миллион теңге жұмсалған, бірақ адамдарға су берілмеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933240-turkistan-oblysynda-auyl-turgyndary-akimge-aryqtyn-suyn-iskizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.