Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маған инопланетяндар сияқты қарайды": ШҚО-да 18 жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген тұрғын жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Тұрғын
Фото: Хабар 24

ШҚО тұрғыны Мұрат Мұсатаев 2003 жылы Германияға отбасымен көшіп, бір жылдан кейін жалғыз өзі елге оралған. Содан бері ол өзін туған елінің азаматы ретінде сезіне алмай келеді. Ер адам барлық құжатты кезең-кезеңімен рәсімдесе де, әлі күнге дейін азаматтық ала алмаған деп хабарлайды Хабар 24.

Көкпекті аудандық көші-қон полициясының табалдырығын тоздырған Мұрат Мұсатаевтың сөзінше, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргеніне 18 жыл болған.

"Маған инопланетяндар сияқты қарайды, мән бермейді. Былай істеңіз, былай істеңіз деп қоя береді, болды. Маған азаматтық, зейнетақы керек, басқа түк те керек жоқ", - дейді Көкпекті ауданының тұрғыны Мұрат Мұсатаев.

ШҚО тұрғыны елге келгелі жөнді жұмысқа да орналаса алмаған. Біреудің малын бағып, қорасын салып нәпақа табады. Қазір созылмалы ауруы меңдеп, денсаулығы сыр берген. Толыққанды ем қабылдау үшін ақы төлеу керек. Өйткені азаматтығы жоқ.

"Егер қабылдасақ, әрбір жарықшамға, төсек-орынға, бәріне төлейсіз дейді", - дейді Мұрат.

Ер адам Қазақстанда екінші рет отбасын құрған. Алайда, азаматтығы болмаған соң ресми некеге де тұра алмаған.

Әкесінің енді жүгіретін жағдайы болмаған соң бұл іске қызы араласқан. Азаматтық алу үшін олар Германия елшілігінен сол елдің "азаматтығынан бас тарту туралы" құжатты екі мәрте сұратыпты. Бірақ екі ретінде де құжат негізінде Қазақстан азаматтығын рәсімдеп үлгірмеген.

"Осы екінші рет алып жатырмыз, екінші рет алғанда енді үшінші, төртінші рет берілмейді деп айтты. Сол себепті биыл азаматтық алсақ жақсы болар еді. Біз құжат тапсырғалы 18 жыл болды, 18 жыл ішінде жауап алған жоқпыз", - дейді Мұсатаевтың қызы Меруерт Кәрімова.

Бұл мәселеге қатысты облыстық полиция департаменті жауап берді. Ведомство азаматтық бермеудің нақты себебін айта алмаған. Тек осы жылдың соңына дейін Мұрат Мұсатаевқа Қазақстан азаматтығын алып беруге уәде еткен.

"Бұл сұрақты біз өз бақылауымызға алдық. Барлық құжаты қарастырылды. Көші-қон комитетіне де жіберілді. Енді президент бұйырығымен азаматтығы қалыпқа келтіріледі", - дейді ШҚО ПД Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Максим Пупков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933544-magan-inoplanetyandar-siyaqty-qaraidy-sqo-da-18-zyldan-beri-azamattyq-ala-almai-zurgen-turgyn-zanaiqaiyn-aitty/