RU

Пандемия кезінде қызық әрі сүйікті жұмысты қалай табуға болады: қазақстандықтар тәжірбиесін ортаға салды

Азиза Саулебай
Фото: Азиза Саулебайдың жеке мұрағатынан

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрғындар пандемия кезінде «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының көмегімен жанына жақын жұмыс тауып, тәжірбиелі тәлімгерлерден білім алып, сүйікті істерімен айналысып жүр.

Мектеп – үлкен отбасы

Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғыны Азиза Саулебай жұмыссыз қалғанда аудандық жұмыспен қамту орталығына барыпты. Еңбек биржасынан жұмыс іздеген оны орталық қызметкерлері «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға шақырыпты. Жобаға қатысушыларға жасы егде тартқан жұмысшы зейнетке кеткенде босаған орын ұсынылады. Азизаға өзінің туған жері Қобда ауданы Талдысай аулындағы орта мектепте мұғалім болуды ұсыныпты.

«Мен үш ай тәжірбиеден өттім, тәлімгерім зейнетке шыққан мұғалім болды. Қазір мектепте жұмыс істеп жүрмін, балалармен жұмыс істеген ұнайды, ашық, дарынды балақайлармен жұмыс істеген де қызық», – деп, Азиза Саулебай алған әсерін айтып берді.

Жас мұғалім бір сыныпты бітіртуге көмектесіпті. Аттестат тапсыру кезінде Азиза Саулебай оқушыларын мақтан тұтатынын, қуанатынын айтыпты. Қазір ол уақытша үзіліс алған, өйткені жақында ана атануға дайындалып жүр. Бірақ оқушыларын әсте есінен шығарған емес, барлығы көрші тұратындықтан, олар мұғаліміне қонаққа келіп тұрады екен. Азиза дектереттік демалысы аяқталған соң қайта мектепке, сүйікті оқушыларына оралуды жоспарлап отыр.

Уақыт жібі

Марьяш Молдагалиева
Фото: Марьяш Молдагалиеваның жеке мұрағатынан

Қостанай облысында қос буынның арасын ине-жіп жалғады. Марьяш Молдагалиева тігінге бала күнінен әуестенген, бірыңғай форма, сәнді көйлектер, костюмдер мен пальто тігетін жергілікті «Большевичка» фабрикасының цехтарына сыртынан қызығып келіпті.

Ол тігінді ерте жасынан үйренген, көрпе, орындықтарға кішкентай жастықшалар, сәндік жастыққаптар көктеп, пішуді бұрыннан білетін. Бірақ ешқашан өзін шебер санаған емес. Пандемия басталғанда жұмыссыз қалып, жүздеген қазақстандықтар сияқты ол да еңбек биржасына жұмыс іздеп барыпты.

«Жыл басында еңбек биржасына жұмыс іздеп бардым, ондағылар «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуды ұсынды. «Большевичка» фабрикасында тігін цехының шебері болуға бірден келістім. Сөйтіп сәуірде тәжірбиеден өте бастадым, маған тәжірбиелі мамандар көмектесті. Тігін тігуді бұрыннан ұнататындықтан, қуана жүріп оқыдым. Тамыздан бастап барлық құжаттарымды рәсімдеп, тұрақты жұмыс істей бастадым, ал тәлімгерім зейнетке шықты», – дейді тігінші.

Ол «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы сүйікті ісіңді табуға ғана емес, жұмыс берушіге зейнеткерлік демалысқа кеткен жұмысшының орнын басатын адам табуға көмектесетінін айтып өтті.

«Елде жұмыс жоқ дегенді көп адамнан естідім. Негізінде жұмыс бар, тек қана жұмыс істеуге құлшыныс болу керек, мемлекетке шағым айтып, бірдеңе дәметіп отырғанша, белсендірек болуың керек. Сонда жұмыс та табылады», – дейді Марьяш Молдагалиева сеніммен.
Марьяш Молдагалиева
Фото: Марьяш Молдагалиеваның жеке мұрағатынан

Өмірді өзгертетін жоба

«Ұрпақтар келісімшарты» – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан сынды 7 облыста жұмыс істеп тұрған жобасы. Жобаның негізгі ерекшелігі – жұмыс іздеушінің зейнетке шығуға дайындалып жүрген жұмысшыдан тағылымдамадан өтуге шақыртылуы. Жарты жылдық оқудан кейін дайындықтан өткен жаңа қызметкер тәлімгерінің орнына жұмысқа тұрып, сол адам алған мөлшерде еңбекақы алады.

Тағылымда кезінде жұмыс орнын құрып, жоба қатысушыларын жұмысқа орналастыру мақсатында 170 жұмыс берушімен шарт жасалған. Олардың ішінде ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері, түрлі салалардағы өңдеу кәсіпорындары, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін компаниялар, емханалар мен өзге де кәсіпорындар мен ұйымдар бар.

2021 жылғы 1 қыркүйектегі мәліметтер бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының аясында 204 адам жұмысқа орналыстырылған, олардың ішінде әйелдер – 126, ерлер – 74. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсатты топтары бойынша қарастыратын болсақ, жобада мүгедектігі бар жандардың да назардан тыс қалмағанын байқауға болады. Оларға тағылымдама мен жұмыс ұсынылады, осыған дейін аталған санаттың үш өкілі жұмысқа орналасып үлгерді. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде жұмысқа орналасқандардың ішінде жастардан 106 өкіл, күнкөрісі төмен отбасылардан 10 адам бар.

Жобаға қатысушылар үшін тағылымдамадан өту кезіндегі ай сайынғы еңбекақы мөлшері – 20 АЕК немесе 58 340 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934128-pandemiya-kezinde-qyzyq-ari-suiikti-zumysty-qalai-tabuga-bolady-qazaqstandyqtar-tazirbiesin-ortaga-saldy/